Жергілікті ісмерлер маска тігуді қолға алған. Солардың бірі – ұлттық қолөнерді дәріптеп жүрген жеке кәсіпкер Жібек Әбдірахманова осы игі іске өз үлесін қосуда. Жібектің тігін шеберханасында бүгінде жұмыс қызу. Елімізде коронавирус анықталған бетте, дүрліккен жұрт дәріханаларға сабылды. Маска іздеп әлекке түсті. Айналасында болып жатқан келеңсіз құбылысқа бей-жай қарай алмаған кәсіпкер қыз маска тігуге шешім қабылдады.
–Тұрғындардан маска тігіңіздерші деген өтініштер түсіп жатыр. Бел буып, іске кірісіп кеттім. Масканы дәкеден 8 қабаттап жасаймыз. Кеше 100 шақтысын тіктік. Бүгін таңнан бері 40-қа жуық бетпердеге тапсырыс қабылдадық. Кешке дейін көбеюі де әбден мүмкін,–дейді жеке кәсіпкер Жібек Әбдірахманова.
Жібектің еңбегі адал. Көкшетаулықтарды қиын кезде ел игілігіне жарайтын іске жанталасып кіріскен жанашыр жанның ниетін қолдап отыр.
–Кеше дәріханаға барған болатынмын, маскалар жоқ екен. Содан соң киімімді тіктіру үшін қыздарға соққан едім. Маскалар дайындап жатқандықтарын көріп, балаларыма арнап маскаға тапсырыс бердім. Қазір алып кетуге келіп тұрмын,–дейді қала тұрғыны Ирина Карапивко.
Жібек қоғамға пайдам тисе деп тілейді. Оның сүйікті ісімен айналысқанына 10 жылдан асқан. Негізінен ұлттық нақыштағы киімдер, сәукелелер мен өзге де қазақы бұйымдарды әзірлейді.