Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Ақмолалық диқандар дайындық үстінде

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы көктемде ақмолалықтар 5 миллион гектарға жуық егістік  алқапқа дән себуді жоспарлап отыр. Бидай егуге тағы 150 мың гектар жер  бөлінді.

Ақмолалық диқандар дайындық үстінде

Майлы дақылдар, жемдік шөптер, картоп егуде өсім байқалады. Облыс әкімдігінің отырысында осы және өзге де мәселелер талқыланды. Облыста тұқым қоры жүз процент жеткілікті. Бүгінгі күні талдауды аккредиттелген зертханалар жүргізеді. «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерік корпорациясы тарапынан кепілдік арқылы көктемгі егіс жұмыстарын несиелендіру мәселесі пысықталуда. Алдын-ала мәліметтер бойынша, кепілдік арқылы дәнді-дақылдар сіңіруге шамамен 5 миллиард теңге бөлінген. Егістік алқаптарына мың екі жүзден астам егістік кешені, 16 мың тұқым себетін техника шығады. Техникалық парктің дайындығы 90 процент деңгейінде. Дизель отынын кесте бойынша жеткізу жоспарланған.

   – 15 сәуірде аккредиттелген зертханаларда тұқымдарды тексеруге қатысты жұмыстарды аяқтау қажет. 10 сәуірге дейін барлық дән сіңіретін  техникаларды жөндеу жұмыстарын бітіру қажет. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары бойынша бюджет қаражатын уақытылы игеру міндеттеледі,–дейді облыс әкімі Ермек Маржықпаев.

Өңірде өсімдік шаруашылығы саласын дамытуға мемлекет 12 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлді. Ермек Маржықпаев егістік алқаптарды қысқартып жатқан үш ауданның басшыларына сын айтты. Сонымен қатар, астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеуге кеңес берді. Кей аудандар тұқым мәселесін әлі шешпеген. Ал жанармайды арзандатылған бағамен сатып алуға мүмкіндік бар.