Спорт • 20 Наурыз, 2020

Ақмолалық боксшы Теміртастың тегеуіріні

323 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жерлес былғары қолғап шеберлерінің қоржынында 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль. Бұл Қостанайда өткен халықаралық турнирде жерлестеріміздің жеткен жетістігі.

Ақмолалық боксшы Теміртастың тегеуіріні

Әлемдік жарысқа көршілес Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінің боксшылары қатысты. Жерлесіміз Теміртас Жүсіпов 52 келі  салмақта чемпион атанды. Былғары қолғап шебері бокспен 15 жылға  жуық айналысады. Ол Азияның екі, Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Осы байрақты бәсекеде де жерлесіміздің айы оңынан туды.    

      – Біз жақсы ойын көрсеттік деп ойлаймын. Мен жүлделі 1 орынға ие болдым. 3 кездесу өткіздім. Дайындық жұмыстары жақсы жүрді. Алғашқы оқу-жаттығу Шымкент қаласында өтті. Кейіннен  екінші жаттығу  осындағы «Жақсы-2» спорт базасында болды. Бапкерлер тыңғылықты дайындады,–дейді бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Теміртас Жүсіпов.                                     

Айтулы жарысқа әлемнің әр түкпірінен келген 100-ге жуық былғары қолғап шебері қатысыпты. Халықаралық турнирде 8 боксшы өңір намысын қорғаған. Ойын толығымен олимпиадалық ережеде өткен.

   – Мен қарсыластардың барлығын жақсы білемін. Жеңіске жету үшін барымды салдым,–дейді бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Теміртас Жүсіпов.

Теміртас алдағы жарыстарға дайындық жұмыстарын тыңғылықты жүргізетіндігін жеткізді.