Аймақтар • 20 Наурыз, 2020

Көкшетау өңірі қарғын судан қауіптеніп отыр

233 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аймақта көктемгі су тасу қаупі жоғары елдімекендер алдын-ала анықталып, қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген. Қазгидрометтің мәліметі бойынша өзен суларының мөлшері былтырғыдан 72 процентке көп.

Көкшетау өңірі қарғын судан қауіптеніп отыр

Қар қаңтар, ақпан айларында қалыпты мөлшерден екі жарым есе көп түсті. Жабай өзенінде мұз жару жұмыстары 13 наурызда басталды. Ендігі мәселе өзен арнасын тазарту.

   – Жабай өзенін тазалау өте күрделі мәселе. 2019 жылы толық сметалық құжаты дайындалған. Қажетті қаражат көлемі 23 миллиард 400 миллион теңге. Қаржы бөлу шешіліп жатыр. Егер биыл шешілсе, бірінші кезеңдегі жұмыс басталады, ұзын-ырғасы үш жылға негізделген,–дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.

Жабай өзенінің жағалауындағы қатерлі аймақта әлі 88 отбасы тұрып жатыр. Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың тапсырмасына сәйкес былтыр 5 бірдей 100 пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Мемлекеттік сараптамадан да өткен. Апат орын ала қалған жағдайда адамдарды қауіпсіз жерге көшіру көзделуде. Ондай жағдайға тап болса, қаладағы 5 мектеп әзір тұр.  

  – Әлеуметтік нысандар мен 3 мектепті құм толтырылған қаптармен қоршау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалада 5 мектеп пен ауылдық жерлердегі барлық білім ошақтарына адамдар уақытша көшірілетін болады. Тұрмысқа қажетті барлық жағдайлар жасалады. 350 адамнан жасақталған құтқарушы мен 60-тан астам техника дайын,–дейді аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің бастығы Ерболат Әшкенов.

Ауданда 79 мың текше метр қар қала сыртына шығарылған. Бұдан бөлек, 8 шақырым суағарлар мен арықтардың арналары тазартылыпты. Ағын судың алдын-алуға жергілікті бюджеттен 25 миллион теңге бағытталған.