31 Наурыз, 2010

ҚАЗАҚСТАН ТӨРАҒАЛЫҒЫНАН ҮМІТ МОЛ

633 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы, Қазақстан Республикасы­ның Мемлекеттік хатшысы – Сырт­қы істер министрі Қанат Саудабаевтың Шығыс Еуропада орналасқан, бір-бірімен жапсарлас жатқан үш мемлекетке – Беларусь, Украина және Молдова республикаларына сапары басталды. Алғашқы тоқтаған ел – Беларусьте Іс басындағы төраға осы ел басшысы Александр Лукашенкомен, Сыртқы істер министрі Сергей Мартыновпен, Беларусь Ұлттық кеңесі Өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен және саяси партиялар,  азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерімен кездесулер өткізді. Беларусь жеріне көктем келіп бусанып жатыр екен. Ұшақта отырып-ақ диқан біткеннің ты­ным­­сыз тірлігін бастағанын аңғар­дық. Ақ көрпесін жамылған Ар­қа­дан көктем лебі ескен Минскіге келіп түскенде қасыма таянған Бе­ла­русь азаматы: “Сіздер Қазақ­стан­нан емес­сіздер ме? Неге әуе­жай­да “Қош келдіңіздер!” деген жазу жоқ” – дейді. “Сіз қазақша білесіз бе?” десек: “Менің туған жерім – Қа­зақ­стан. Қарағандыда туып-өскен­мін. Мұнда келгеніме 15 жыл бол­ды. Араларыңызда қа­рағандылықтар бар ма? Астананы Целиноград кезінде көргенмін. Қазір Интернет­тен достарым жі­бер­ген суреттерден Астанаға таң­қалудамын. Елге сәлем айты­ңыз­дар”, деген ақжарқын пейілімен сағынышын жеткізген бұрынғы жерлесімізбен кездесу көңілде жы­лылық оятса, осы сезім Кедендік одақтағы әріптес елге сапар барысында еш толастамады. Ертеңгісін алғашқы жүздесу ЕҚЫҰ-ның Минскідегі кеңсесі­нің ғимаратында осы елдегі саяси пар­тиялар мен қоғамдық ұйым­дар­дың өкілдерімен кездесуден бас­тал­ды. ЕҚЫҰ-ның Минскідегі кең­сесінің басшысы Бенедикт Халлер Іс басындағы төрағаның сапарына сәттілік тілеп, алғашқы сөз кезегін Қанат Саудабаевқа ұсынды. Қанат Бекмырзаұлы еліміздің төрағалығына тоқтала келіп: Біз елдер арасындағы жақындасу мен түсінісуді, Батыс пен Шығыс ара­сын­дағы ұғынысу мен үндесуді да­мытуда өзіміздің ТМД мем­ле­кет­тері­нің ұжымдық кандидаты еке­німізді есте ұстаймыз. Өйткені, біздің ортақ тарихымыз, діліміз бар, қысқасын айтқанда, бәріміз бір шинельден шыққан елдерміз. Сондықтан бір-біріміздің проб­ле­маларымызды, шешімін табуын кү­тетін мәселелерді түп тамы­ры­нан танимыз. Тотали­тарлық жүйе­ден демократиялық қоғам құру үстіндеміз. Біреулерімізде демо­кра­тияның жедел жүргізілуі, біреу­лерімізде шабанырақ жүруі де заңдылық. Ал бүгінгі кездесуде сіз­дердің ЕҚЫҰ жұмысына қатысты пікірлеріңізді естіп білу біз үшін маңызды, деп жиналғандарды ашық әңгімеге шақырды. Беларусьтік саяси партиялар мен азаматтық қоғам өкілдерінің де күткені ашық әңгіме екен. Сал­ғаннан елдеріндегі демокра­тия­лан­дыру үдерістеріне, саяси жүйені либералдандыруға қатысты олқы­лықтар жайын қызына әңгімеледі. Қазақстанның халықаралық беделі Ұйым төрағалығындағы қызметі­нен мол үміт пен сенім күтетін­дік­терін жеткізді. Өйткені, сіздердің сыртқы саясаттағы беделдеріңіз, Батыс пен Шығыс арасындағы тү­сіністікті қалыптастырудағы жұ­мыс­тарыңыз біздерді осындай ойға жетелейді, деді олар. Мәселен, Бі­рік­кен азаматтық партия төраға­сы­ның орынбасары Ярослав Ро­ман­чук елде ЕҚЫҰ билікті қолдайтын және қолдамайтын барлық пар­тиялардың үнқатысу өткізетін ала­ңына айналғанына тоқталып, ел­дегі сайлаулар барысын қатты сын­ға алса, Беларусь прези­дент­тігіне осыдан бұрын екі рет түсіп, енді үшінші рет бағын сынаудан үміткер Либерал-демократиялық партиясының төрағасы Сергей Гай­дукевич оған қарсы уәжін біл­дірген. Жоқ, Беларусь мем­ле­кетінде демократиялану үдерісі үздіксіз жүріп келеді, оны тегіс жоқ­қа шығаруға болмайды, мәсе­ле оның қарқынында, менің соған көңілім толмайды десе, Ком­мунистік партияның төрайымы Татьяна Голубева ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының елдегі демократиялану үдерісін білгені жөн, бірақ әріптестер, біз осылай бір-бірімізді сынап, Іс басындағы төрағаға шағымданғанымызбен, біз үшін саясатты либерализация­лау­­ды ешкім де жүргізбейді, неге біз әшейінде бір үстелдің басында кездесіп, олқылықтардың орнын толтыруды ойламаймыз. Өзіміз қанаттаса қимылдасақ, шешілмей­тін дүние жоқ, деген пікірін ортаға салды. Мұны көпшілік те мойын­дағандай сыңай танытты. Бұдан соң Іс басындағы төраға өз әріптесі, Беларусь Сыртқы істер министрі С.Мартыновпен алға­шын­да тек екеуі ғана жүзбе-жүз, со­ңынан кеңейтілген құрамда кез­десті. ЕҚЫҰ жұмысының қай та­ра­пында болса да жүргізілетін үде­рістерге қатысуда белсенділік та­нытушы Беларусь аталған Ұйым­ның Вена­дағы экономикалық-экологиялық комитетінің төрағасы ретінде де көптеген жұмыстар атқаруда. Кездесуде тараптар ЕҚЫҰ аясында және өзге де байланыстар бойынша екі елдің үндесе қимыл­дауының маңызына тоқталды. Мәселен, тауар тасымалдаудағы ма­ңызды жол – теңізге шығу мүм­кіндігі жоқ екі елдің де темір жол мен автокөлік жолдарындағы қауіпсіздік мәселесіндегі үндес­тігі­нің басы ашық. Сонымен бірге, энергетикалық қауіпсіздікте де Қа­зақстан Беларусь мемлекетінің атқарып жүрген жұмыстарына оң баға беріп, Ұйымның Минскідегі кеңсесі арқылы оны әрі қарай дамытуға мүдделілік танытатыны­мызды жеткізді. Іс басындағы төр­аға әріптесін Алматыда болатын Сыртқы істер министрлерінің саммитіне шақырды. Ол ықы­ласпен қабыл алынды. Беларусь басшысы Александр Лукашенкомен жүздесу дос-жар адамдардың кездесуіндей, бір-бірінен сыр жасырмас ашық пейілде өтті. Президент Кедендік одаққа қатысты ойларымен бөліс­кенде біз тізе қоса қимылдауға келіс­кендіктен, сол ұстанымнан шығуға тиіспіз, деді. Шекара одақ елдері үшін ашық болуы керек, ал ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының саммитіне келсек, оны өткізу жайында жақтаған да, қарсылық танытқан да пікірлер бар екенін білеміз, Беларусь бұл ретте және өзге де Қазақстан бас­тамашылығына қатысты шаралар­да нағыз дос екенін танытуға әзір. Екі қолымызды көтеріп, сіздерді қолдаймыз, иығымызды тосып, таяныш болуға әзірміз, деді. Қанат Бекмырзаұлы Беларусь басшысына Қазақстанның Ұйымға төрағалығы тұсында қолдау көрсе­тіп келе жатқанына алғысын білді­ріп, біздің ел ЕҚЫҰ-ға мүше елдер мем­лекет басшыларының саммитін ша­қыру дайындығына кіріскенін айтты. Сондай-ақ, жазда Алматыда сыртқы саясат ведомстволары басшылары­ның бейресми кездесуі өткізілетінін мәлімдеп, Александр Лукашенконы Мемлекет басшыларының қатысуы­мен болатын саммитке шақырды. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ – Минскіден.