Мысалы, қазақтың қабырғалы үш биінің бірі қаз дауысты Қазыбек 1742 жылы ойраттың қолына түскен Абылай сұлтанды құтқарып алу үшін елшілікке барып, қонтайжының қоңыр ордасының қақ төріне жайғасып алып: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз...» деп сөзін бастап, жау қалмақты қарпысуға емес, татулыққа шақырады. Өйткені бұрынғы бабаларымыз татулық бар жерде, баянды тірлік боларын баяғыдан білген һәм араздықтың емес, берекенің туын биік ұстаған.
Сол сияқты халқымыздың кемеңгер қаламгері Әбіш Кекілбаев, құдайдың өзі бір-біріне тілеулес жүретін, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алатын, тату, бауырмал, мейірбан қауымға ерекше қарасатын секілді, деп жазғанын да оқыған едік.
Расында қаламгер ағамыз айтқандай, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өзінің үмбеттеріне: «Иә, Алла! Сенен аяқта нық тұруды және тура жолды ұстануда батылдық сұраймын» дейтін дұғаны көп айтып жүруді бұйырған екен.
Осы дұғаны тәпсірлеген үлкен ғұлама имам ат-Табарани (873-971) бұнда тыныштық пен татулықтың кілті жатыр. Қоғамда болып жатқан жат нәрсеге немқұрайлы қараған адамдардың басына қиындықтар түседі. Кейбір адамдар асығыстық танытып, күмәнді бастамаларға еріп кетеді. Сөйтіп Алла беріп тұрған тыныштық пен татулықтан айырылады. Аталған аятта айтылғандай, аяғына нық тұрып, асығыстық танытпаса және күмәнсіз дұрыс шешімдер қабылдаса, сол қоғам, сол орта, сол қауым, сол мемлекет нағыз жетістікке жетеді деп түсіндірген екен.
Демек татулық-тыныштық дегеніміз – бейбіт өмір сүрудің, сол арқылы жақсылыққа жол салып, өркендеудің ең бір жарқын үлгісі іспеттес. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше жыл бұрын «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында, «Қазақстанымыздың тыныштығы мен өсіп-өркендеуі үшін қолымнан келгенше жұмыс істеп келе жатырмын. Өмір бақи осы жұмыспен өтетін боламын. Менің басқа арманым да, басқа ойлайтын ойым да жоқ. Тек қана еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен, өсіп-өркендеу тоқтамаса екен деген мақсат. Меніңше, елдің де мақсаты осылай болуы керек» дегені мына заманда татулық пен тыныштықтың қаншалықты маңызды екенін меңзесе керек.
Биыл туғанына 175 жыл толған мерейтойын атап өткелі отарған Абай атамыз да адамдар арасындағы татулық жайлы:
Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе, біріңдікін бірің жеткіз!
Күншіліксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!
Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғиззәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып, деп толғаған көрінеді. Ғұлама ақынның осы бір шумақ өлеңіне бір сәт зер салып, өзі айтқандай тереңіне бойлап көрсек қой. Біріңді бірің сыйла, – дейді дана: «тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып». Бұл ұғымды шариғат тілімен айтсақ, мұсылманшылық дегеніміз – татулық, яғни сіз көршімен тату болмайынша, оны «жаның шошып» сыйламайынша және басқаларға «күншілдіксіз татулық» танытып, өзіңе тілеген жақсылықты оған да тілемейінше ешқашан шын мұсылман бола алмайсыз.
Демек, наурыз мейрамының да негізгі рухани тетігіне баланып отырған «татулық» ұғымы оның ең биік маңызы болмақ. Өйткені ол (татулық) адамды көркейтеді, көркем мінез қалыптастырады, жақсы мінез адамға абырой әкеледі, жамандықтан қорғайды. Бұның бәрі татулықтың арқасында іске асады.