Аймақтар • 22 Наурыз, 2020

Елордада медициналық маска мен антисептиктерді сатудың заңсыз жағдайлары анықталды

208 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Рейд кезінде полицейлер мен еріктілер медициналық заттардың заңсыз сатылу фактілерін анықтады. Құқықбұзушылардан 188 медициналық бетперде және 112 антисептик тәркіленді деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Елордада медициналық маска мен антисептиктерді сатудың заңсыз жағдайлары анықталды

Елордалық Полиция департаментінің қызметкерлері төтенше жағдай мен жарияланған карантинге сай шағын және орта бизнестің қызметіне тексеріс жүргізді. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлеріне 235 ерікті көмек көрсетеді, олар бақылау бекеттеріндегі, рейд кезіндегі жұмыстарға тартылған.

«Елордада карантин режимі жарияланғанда волонтерлер полицейлерге көмекке келді. Олардың әрқайсысы азаматтық ұстанымын көрсетіп, бізбен бірге жұмыс жасауды өзінің міндеті деп санайды. Біз олардың ұсыныстарын қуана қабылдадық. Біз бірлесіп коронавирустың таралуына қарсы тұра аламыз. Болашақта еріктілермен бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдана аламыз деп үміттенеміз», - деді елорданың бас полицейі Ержан Сәденов.

Тексеріс барысында елдегі төтенше жағдайға қарамастан, қаладағы бірқатар ұйымдардың штаттық режимде жұмыс істегені белгілі болды. Мәселен, «Тұлпар» сауда орталығында автожуу, «Тапчан-7» кафесі, «Донер Микс» қоғамдық тамақтану пункті, «Жігер» бильярд клубы және басқа да ұйымдар жұмысын жалғастырған. Режимді бұзған меншік иелері, шағын және орта бизнес субъектілеріне әкімшілік хаттамалар жасалды. Аталған заң бұзушылықтар туралы материалдарды елорданың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты бейнеконференция режимінде қарастырғанын атап өткен жөн. Барлық мекеме иелеріне 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сонымен қатар рейд кезінде учаскелік полиция инспекторлары еріктілермен бірге медициналық беттұмшалар мен антисептиктерді сатудың заңсыз жағдайларын анықтады. Құқық бұзушылардан 188 бетперде және 112 дана антисептиктер тәркіленді. Сатушыларға әкімшілік хаттама жасалды.