31 Наурыз, 2010

ТҮСІНІКТЕМЕ

1197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы” Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарлығына ТҮСІНІКТЕМЕ Мемлекет басшысы 2010 жылғы 19 наурызда “Қазақстан Республикасын үде­мелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы” Жарлыққа қол қойды. Қазақстан Республикасының Үкіметі әзірлеген үдемелі индустриялық-инно­вациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама (бұдан әрі – Бағдарлама) келесі міндеттерді көздейді: Экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру ар­қылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету; Экономиканың басым секторларын дамытудың әлеуметтік тиімділігін күшейту және  инвестициялық жобаларды іске асыру; индустрияландыру үшін қолайлы орта жасау; эко­номикалық әлеуетті ұтымды аумақ­тық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу орталықтарын құру; экономиканың басым салаларын да­мыту процесінде мемлекет пен бизнестің өзара тиімді іс-қимылын қамтамасыз ету. Бағдарлама экономиканы әртараптан­дырудың жүргізіліп отырған саясатының қисынды жалғасы болып табылады әрі құрамына Индустриялық-инновациялық дамудың 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясының, “Қазақстанның 30 кор­по­ративтік көшбасшысы” бағдар­ла­масының, сондай-ақ индустрияландыру саласындағы басқа да бағдарламалық құжаттардың негізгі тәсілдерін біріктіреді. 2015 жылға дейінгі кезеңде қазақ­стандық қамтуды мақсатты дамыту арқылы ша­ғын және орта бизнес, кейінгі қайта бөлу және қайта өңдеу үшін жаңа бизнес-мүм­кіндіктерді мультипликациялаумен эко­номиканың дәстүрлі экспортқа бағ­дар­ланған сектор­ларында ірі инвес­тициялық жобаларды іске асыру үдемелі индус­трия­ландыру саясатының негізгі басымдығы болмақ. Шикізат секторымен байланысты емес және ішкі, ал кейіннен өңірлік нарықтарға бағдарланған экономика салаларын қалыптастыру және күшейту қатар жүзеге асырылатын болады. Мемлекет озық технологиялар транс­фертіне, кейіннен олардың экспортқа бағ­дарлануын дамыта отырып, қазіргі заманғы импорт  алмастырушы өндірісті құру үшін шетел инвесторларын тартуға бағытталған қазақстандық орта және шағын бизнес бастамаларын қолдайтын болады. Жалпы алғанда, экономиканы әрта­рап­тандыруды мемлекеттік қолдау макро және секторлық деңгейлерде экономикалық саясаттың жүйелі шараларын, сондай-ақ экономиканың нақты секторларын және жо­баларды қолдаудың селективті шара­ларын іске асыру арқылы жүзеге асырылмақ. Бағдарламаны табысты іске асыру оны әртараптандыру және ұзақ мерзімді кезеңде бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуді қамтамасыз етуге ықпал ететін болады. Еңбек өнімділігінің өсуі, ұлттық инно­вациялық жүйенің дамуы мен нығаюы, шағын және орта бизнес рөлінің күшеюі, экономиканы әртараптандыру, өндіргіш күштердің ұтымды ұйым­дастырылуы, адами капитал сапасының арттырылуы Бағдарламаның негізі сапалық нәтижесі болады. Экономиканың экспортқа бағ­дарланған дәстүрлі секторлары кейінгі бөліністі өндірістерді дамыту және экономиканың салалас секторларына оларды дамытудың мультипликативтік кең ауқымды әсерін қамта­масыз ету есебінен индустрия­ландырудың локомотиві рөлін атқарады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімі.