Экономика • 23 Наурыз, 2020

Банктер 8 пайызбен несие береді

522 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлттық банк жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. Ол  жеке кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзімге беріледі. «Ұлттық банк шағын және орта кәсіпкерлерді жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасының бекітілгенін мәлімдеді», деп хабарлады  банктің ресми сайты.

Банктер 8 пайызбен несие береді

Банктің мәліметінше жаңа бағдарлама коронавирус пандемиясына және оның Қазақстан экономикасына теріс ықпалына байланысты төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлерді қолдау үшін жасалды.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тиісті тапсырма берген. Осылайша Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі.

«Бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейлі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 миллиард теңге бөлінді. Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейлі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі салдарынан зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредиттер беру арқылы іске асырылады»  делінген ресми хабарламада.

Екінші деңгейлі банктер бөлінген қаражатты 3 айдың ішінде игеруі тиіс. Бағдарламаның операторы – Ұлттық банк жанындағы «Қазақстанның орнықтылық қоры»  АҚ.

Кредиттер 13 банк арқылы беріледі.

«Бағдарламаға қатысушы банктерге бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банкттердегі депозиттерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға және өзге де мақсатқа пайдалануға тыйым салынады. Қазақстан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-мен бірлесіп кәсіпкерлерге берілген жеңілдікті кредиттердің уақытылы және нысаналы пайдаланылуына ай сайынғы негізде мониторинг жүргізеді» делінген бірлескен мәлімдемеде.

Бұған  дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыс жағдайында мемлекетке проблемаларды жедел шешуге мүмкіндік беретін жарлыққа қол қойды.