Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын барлық ірі сауда орталықтары уақытша қызметін тоқтатты. Олардың қатарында «Рио», «Керуен», «Мечта» тәрізді сауда үйлері мен «Шайба» базары, «Рубин» сауда үйінің екінші қабаты бар. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов азық-түлік сататын нысандардың қызметі қалыпты жағдайда жалғасатынын жеткізді.
– Бізде азық-түлік қоры жеткілікті. Дефицит орын алмайды. Кәсіпкерлерді негізсіз бағаны көтеріп, тұрғындар арасында алаңдаушылық тудырмауға шақырамын, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Ербол Оспанов.
Медициналық мекемелер карантинге жабылған. Қариялар мен мүгедектерге арналған тегін дәрі-дәрмек мекенжай бойынша жеткізіледі. 26 наурыздан бастап балабақшалар да жұмысын тоқтатады. Қазірдің өзінде мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде балғындардың тек 20 проценті тәлім алуда. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің жетекшісі Айнагүл Мусина 20 наурыздан бастап өңірдегі барлық санаторийлер мен курорттық демалыс орындарының қызметін тоқтату туралы бұйрыққа қол қойды.
– Пансионаттар, қонақүйлер мен санаторийлер жұмысын тоқтатты. Мұндай демалыс мекемелерінде адамдар көп шоғырланады. Оның үстіне мұндай шара адамдардың жол сапарларын азайтады деген ойдамыз. Әр өңірдің бас санитарлық дәрігерінде мұндай шаралар қабылдау құқығы бар. Мұндай шаралар індеттің таралуына тосқауыл болады, – дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің жетекшісі Айнагүл Мусина.
Адын-ала жолдама алған азаматтардың демалысы төтенше жағдай аяқталған соң ұйымдастырылады. Ақмолалық тауар өндірушілер өңір нарығын қамтамасыз етуді басты мақсат етіп отыр. Сырттан келетін импорт көлемі бірқалыпты. Мамандар өңір тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және жауапкершілік танытуға шақырады.