Аймақтар • 23 Наурыз, 2020

Көкшетаулықтар көмек акциясын қолдайды

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Біз біргеміз!» бірыңғай республикалық акциясы нағыз жанашырлық, қамқорлық үлгісі. Игілікті іске «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен «Жас отан» жастар қанатының өкілдері белсенділікпен қатысуда.

Көкшетаулықтар көмек акциясын қолдайды

Көкшетаулықтар күріш, қарақұмық, сұйық май, яғни әлеуметтік маңызы зор азық-түлік пен жеке гигиенаға қажет антисептикалық құралдарды әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға жөнелтуде. Мұндай жанашырлықты қажет ететін жүзге жуық отбасы бар.  

«Біз біргеміз!» республикалық акциясына Ақмола облысының кәсіпкерлері де қызу қолдау танытуда. Жиналған қаржыға алдымен азық-түлік сатылып алынды. «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанатының өкілдері жиналған азық-түлікті теңдей етіп бөліп, әр отбасына жеке-жеке дайындау үстінде.  

– «Жас отандықтардан» құралған мобильді топ өкілдері тізім бойынша әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмекті «есіктен есікке» принципімен жеткізуде, – дейді «Jas Otan» жастар қанатының кеңесшісі Гүлнәз Бөкеш.

Жомарт жандардың жанашырлығы қамкөңілді тұрғындардың сенімін нығайтып, бірліктің бар екендігіне көздерін жеткізуде.