...Атақты ағылшын ақыны Уильям Шекспир 1606 жылы Англияны баудай түсірген оба індеті кезінде карантинде жатып алып әйгілі «Король Лир», «Макбет» «Антоний мен Клеопатра» шығармаларын дүниеге келтірген.
...1665 жылы Исаак Ньютон Кембриджді тастап, үйіне оралуға мәжбүр болады. Оған сол кезде Англияда өршіп кеткен оба дертіне байланысты қабылданған карантин себеп болған екен. Сөйтіп мұғалімдік қызметінен уақытша ажырап, әріптестерінен алыстап кеткен Ньютон амалсыздан ғылымға бет бұрыпты. Әлемге әйгілі «Ньютон заңдары» осылай пайда болған екен.
...1830 жылы Пушкин үйлену қамымен жүріп, атажұртына, Балдино селосына барады. Сол кезде аяқ астынан тырысқақ ауруы шығып, ақын түкпірдегі ауылда 3 ай карантинде жатуға мәжбүр болады. Кейін қарасақ, Пушкин шығармашылығындағы ең жемісті, жарқын кезең сол болыпты. Кездейсоқ карантин, ойламаған оңашалық ақынға тың шабыт беріп, жаңа жанр, түрлі әдеби формалар ойлап тауып, прозалық һәм поэзиялық шедевр шығармаларын жазған. Оның бүкіл ертегілері, «Евгений Онегин» шығармасының басым бөлігі осы кезде жазылған.
Өткен ғасырларда оба індеті де қазақ даласын армансыз шарлап, талай ауыл тып-типыл болып кеткені рас. Сол кезде де қауіпті дертпен алдыңғы сапта дәрігерлер жүрген болатын. ХХ ғасырдың басында қазіргі Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауылы маңында арнайы экспедициямен шыққан дәрігер Ипполит Деминский саршұнақ тышқаннан ауру жұқтырып, өзі өмірден өткенге дейін ағзасындағы өзгерістерді 4 күн бойы қағазға түсіріп, әріптестеріне қалдырып кеткен. Ақ желеңді жандардың осындай жанкештілігі арқасында 1908 жылы Орда қаласында (қазіргі Хан ордасы ауылы) Қазақстанда тұңғыш рет обаға қарсы зертхана құрылып, оны Мәжит Шомбалов басқарады.
1909 жылы Санкт-Петербург императорлық әскери-медицина академиясын үздік дәрежелі дәрігер атағымен, алтын медальмен бітірген Халел Досмұхамедұлы Тайпақ өңіріндегі оба індетіне қарсы күреске тікелей өзі араласқан, 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқпалы ауру хақында» атты мақалаларын жариялап, 1916 жылы «Как бороться с чумой среди киргизского народа» («Қазақ халқының ішіндегі оба індетімен қалай күресуге болады?») деген кітабын шығарған.
Міне, тілсіз жау, аты жаман ауру бас көтергенде Гиппократ антына адал дәрігер қауымы алға шығып, бар қайратын көрсетіп-ақ жатыр. Ал өзге жұрттың қолынан келері – төтенше жағдай ережелерін қапысыз сақтап, өзін және жақындарын қатерге душар етпеу. Ал шығармашылық адамдары, өнер иелері, ғалымдар, тарихшылар, суретшілер, қаламгерлер болса, осы кезге дейін қол тимей, уақыт болмай, сәті түспей, желке жар бермей жүрген үлкен істерді, жаңа шығармаларын қолға алып, адамзаттың рухани қазынасын толтыра берсе дейміз.
Батыс Қазақстан