25 Тамыз, 2013

Виктор Кумыков: «Қолдан келгенше шайқасамыз»

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Виктор Кумыков-1

Қарағандының «Шахтер» футбол командасының бас жаттықтырушысы Виктор Кумыков кеше, 24 тамыз күні Қазақстан премьер-лигасындағы кезекті турдан кейін «Sports.kz» порталы тілшісінің сұрақтарына жауап берді. Әңгіме кеншілер командасының 28 тамыз күні Шотландияның орталығы – Глазго қаласында жергілікті «Селтикпен» өтетін Чемпиондар лигасы төртінші раундының қарымта матчы төңірегінде өрбіді.

-Виктор Балютович, Чемпиондар лигасы ойындарынан кейін команданы Қазақстан чемпионатына қайта бейімдеу қиынға соға ма?

-Мүмкіндігі келгенінше бейімдеуге тырысамыз, бірақ оның нәтижесі қандай – бұл енді өзінше мәселе. Басымызда «Селтикке» қарсы ойын тұрғанда, ойыншыларды мұндағы ойынға қайрап салу өте күрделі нәрсе екен. Жасыратыны жоқ, жеңісті жолды одан әрі де жалғастырғымыз келеді. Қазір біздің барлық ақыл-ойымыз «Селтикпен» өтетін жауапты ойында тұр.

-«Ертіспен» болған ойынның нәтижесіне көңіліңіз тола ма?

-Әрине, жоқ. Біз оны аралас құрамның өзімен ұта алатын едік. Осыған орай артық гол да соқтық. Бірақ төреші санамай тастады. Соңынан бейне жазбаны қарап көріп, арбитрдің голды неге санамау себебін таба алмадық. Біз қайран қалып отырмыз.

-Жазғы трансферлік кезеңде құрамды Бақыт Әбуов толықтырды. Жағдайға қарай бірден негізгі құрамнан табылды. Енді оның ойынына баға беріңізші.

-Ол әзірге тіпті Қазақстан чемпионатында ойнауға да дайын емес. Біз тұйықта қалғандықтан, оны алаңға шығаруға мәжбүр болып отырмыз. Оны біз болашақта пайдалану үшін алғанбыз. Футболшы алдағы жаттығу жиындарынан өткен соң біртіндеп қалпына келеді деп ойлағанбыз. Алайда, оны қазірден негізгі құрамға қосуға мәжбүр болдық. Жалпы айтқанда, премьер-лига ойындарына әзірге дайын емес.

-«Скендербауды» жолда қалдырғаннан кейін сіз Еуропа лигасында ойнағанның тиімдірек болатынын айтқан едіңіз. Өз алаңыңызда «Селтикті» тізе бүктіргеннен кейін бұл пікіріңіз өзгерген жоқ па?

-Шынтуайтында бізге қайсы турнирге қатыссақ та бәрібір. Ал егер біздің Чемпиондар лигасында ойнауға мүмкіндігіміз болып жатса, одан неге бас тартуымыз керек? Жанкүйерлеріміз, мысалы, Чемпиондар лигасында ойнағанымызды қалайды. Сондықтан осы мақсатқа жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.

-«Шахтер» топтық ойын қарсаңында жаңа ойыншылар ала ала ма?

-Жоқ, ала алмаймыз. Біздің қосымша тапсырыстар науқанымыз жабылып қалды. «Көктем-күз» жүйесі бойынша ойнайтын чемпионаттар үшін трансферлік терезе жабылды. Демек, қолда бар ойыншылармен ойнаймыз.

-Команда Глазгоға қандай көңіл-күймен аттанғалы отыр? Қарымта ойыннан не күтуге болады?

-Біздің қолдан келгенінше шайқасып бағатынымыз басы ашық нәрсе. Шамамыз жеткеннің бәрін жасаймыз. Бұдан басқа ештеңеге уәде бере алмаймын. Кеше Қарағандыда «Шахтер» футбол клубына арналған аллея ашылды. Осыған орай облыс пен қала басшылығына алғыс айтқым келеді. Ең бастысы, біздің негізгі жанкүйерлеріміз – шахтерлерді төл мерекелерімен құттықтаймын. Оларға мықты денсаулық, отбасылық игілік және барлық жақсылықтарды тілеймін.

Руслан Игілік.

RS. Ертең, 26 тамыз күні түскі сағат 12-де «Шахтер» футбол командасының құрамы Қарағандыдан Глазго қаласына апаратын чартерлік рейспен ұшып шығады. Бұл сапарға біздің «Егемен Қазақстан» газетінің арнаулы тілшісі де бірге баратын болып шешім қабылданып еді, бірақ бұл мерзімге дейін Ұлыбритания визасы алынып үлгермегендіктен, сапарға дайындықты орта жолдан үзуге тура келіп отыр. Бұл кедергі команданың көптеген жанкүйерлер армиясына да қатысты болып отыр.

Қарымта матч 28 тамыз күні кешке Глазгоның 66 000 орындық «Селтик Парк» стадионында өтеді.

Біз «Шахтердің» намысты қолдан бермей, өзін және команданың миллиондаған жанкүйерлерін қанағаттандыратын нәтижеге қол жеткізуін тілейміз.