Аймақтар • 23 Наурыз, 2020

Төлқұжат мерзімі өтсе де жарамды

748 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде жеке құжаттарының мерзімі өтіп кеткен азаматтар жауапкершілікке тартылмайтын болды. Бұл жөнінде Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті хабарлады.

Төлқұжат мерзімі өтсе де жарамды

«Төтенше жағдай уақытында жеке куәлігі жоқ Қазақстан азаматтары, Қазақстан аумағында уақытша тұратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылмайды. Бұл коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу, яғни азаматтар халыққа қызмет көрсету орталықтарына келмеуі үшін жасалып отыр» делінген Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті таратқан ақпаратта.

Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен азаматтардың қолындағы жеке басын куәландыратын құжаттардың күші мерзімі өткеніне қарамастан сақталады.

Яғни, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі мен төлқұжаты, азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі, шетелдіктің ел аумағында тұруға берілген құжаты төтенше жағдай уақытында мерзімі аяқталса да күшін жоймайды.

«Естеріңізде болсын, бұл шара Қазақстан Республикасы аумағында енгізілген төтенше жағдайға байланысты уақытша жасалып отыр» делінген баспасөз парағында.

 

Батыс Қазақстан