Қазақстан • 23 Наурыз, 2020

Қазақстандықтар Лондоннан елге оралып жатыр

492 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус төңірегіндегі күрмеулі мәселеге байланысты Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі шет елдердегі қазақстандық консулдық қызметкерлермен тығыз қарым-қатынас орната отырып, 100-ден астам отандасымыздың елге оралуына жағдай жасады. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстандықтар Лондоннан елге оралып жатыр

Атап айтқанда, Ресей, БАӘ, Нидерланд және Беларусь мемлекеттерінің оңтайлы әуе жолдары арқылы транзитпен жетулеріне өз септігін тигізді.

Мәселен, 19 наурызда Қазақстанның төрт азаматы Рио-де-Жанейродан Лондонға, одан кейін Хельсинки арқылы Қазақстанға ұшулары керек болатын. Рейстің тоқтатылуына және британиялық визаларының болмауына байланысты олар лондондық әуежайдың транзиттік аймағында мәжбүрлі түрде қалып қойды. Елшілік транзиттік маршрут аймақтарында орналасқан консулдармен ақылдаса отырып, олардың Лондоннан Қазақстанға тезірек жетулеріне қол ұшын созды.

20 наурызда Қазақстанның үш азаматы Лондоннан Қазақстанға Ресей арқылы транзитпен ұша алмады. Дәл сол күні оларға «Аэрофлот» әуе компаниясының рейсі арқылы елге оралуларына жағдай жасалды.  

21 наурызда Елшіліктен көмек сұраған Исландиядағы Қазақстан азаматшасына да жәрдем берілді. Ол да транзиттік аймақтардағы консулдардың көмегімен туған жерге жетті.

22 наурызда Қазақстанның 11 азаматы Лондоннан Қазақстанға аман-есен оралды. Рейстердің болмауына байланысты екі ересек және тоғыз кәмелетке жасы толмаған отандастарымызға Лондоннан Қазақстанға Абу-Даби және Дубайдағы әуежайлар арқылы жетуге жағдай жасалды. Ата-анасыз жүрген кәмелетке жасы толмаған қазақстандықтарға еркін жүріп-тұрулары үшін ілеспе құжаттар ресімдеуге көмек берілді.

23 наурызда кәмелетке жасы толмаған отандасымыз Лондоннан Қазақстанға аман-есен жетті. Оған да Лондон-Дубай-Нұр-Сұлтан бағыты бойынша еркін жүріп-тұруы үшін ілеспе құжаттар дайындалып берілді.

ҚР Ұлыбританиядағы Елшілігінің консулдық қызметкерлері аккредитация елдерінен Қазақстанға бару үшін рейстердің қолжетімділігін ұдайы зерделеп отырады. Сонымен қатар Лондон қаласы әуежайларындағы рейстерге тіркеу рәсімдерінің қамтамасыз етілуіне жағдай жасайды. 

Бұған қоса Қазақстан азаматтары үшін Елшілікте тәулік бойы жұмыс істейтін «жедел жүйе» қызмет етеді: +44 (0) 7717 609987, +44 (0) 7570 654654, +44 (0) 7928 389693.