24 Наурыз, 2020

Кәсіби курстарды үйде оқыңыз

349 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты үйде отырған оқырмандарға, әсіресе студенттерге пайдалы, танымдық ақпаратпен бөлісуді жалғастырамыз. Бұл өзін кәсіби тұрғыда дамытуды көздейтін кез келген адамға керек-ақ. 

Кәсіби курстарды үйде оқыңыз

Олай болса, карантин кезінде ашық университеттерді ашыңыз. Қазір үйде отырып, сонау АҚШ-тағы немесе Англиядағы жоғары оқу орнының лекциясын тыңдауға болады. Біз әлемдегі үздік университеттердің тегін дәрісін алдыңғы материалымыздың бірінде жазғанбыз. Енді ашық университеттерге кезек келді. 

Жалпы бұл ұғым 1969 жылы Ұлыбританиядағы Ашық университеттің (Open University) құрылуынан бастап пайда болды. Алғаш рет 1971 жылы талапкерлерін қабылдаған бұл университеттің қазіргі таңда дүние жүзіндегі 50-дан аса елде студенттері бар. Яғни қазіргі қоғамға, интернеттің заманына жаңалық емес. Соның негізінде жасақталған тегін курстардың қоры да көп. Айталық, Ашық университет арқылы білім беретін www.open.edu платформасында «Денсаулық, спорт, физиология»,  «Білім беру және дамыту», «Тарих пен өнер», «Тілдер», «Ақша және бизнес», «Табиғат пен қоршаған орта», «Ғылым, математика және технология», «Әлеумет, саясат, құқық» атты бөлімдерге жіктелген 900-ге жуық тегін курстарға қол жеткізуге мүмкіндік бар. 

Осы үлгіде жасалған «Қазақстанның ашық университеті» барын оқырмандардың бірі білсе, бірі біле бермес. Өйткені еліміздің жетекші ЖОО-лары мен мамандары бірлесе әзірлеген онлайн-курстарға тегін қол жеткізу мүмкіндігін ұсынатын бұл білім беру платформасы 2017 жылы құрылған Ұлттық аударма бюросының бастамасымен іске асырылды. Отандық белді университеттер мен түрлі халықаралық компаниялар қолдаған «Қазақстанның ашық университеті» қолданушыларына «Ақпараттық технологиялар», «Бизнес», «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымы» санаттары бойынша түрлі тегін курстарды, әлемге танымал университеттер мамандарын даярлаған оқулықтарды, пайдалы TED видеоларын қазақ тілінде ұсынады. Жұмыстан демалыс алған барлық сала қызметкерлері өзін кәсіби тұрғыда дамытатын материалдарды таба алады және ең бастысы тегін пайдаланады. Тек интернетке қосылған құрылғыңыз болуы және платформаға тіркелу керек.

Мәселен, өзіміз белгілі журналист Қайнар Олжай жүргізетін «Телевизия, радио және жаңа медиаға мәтін жазу» атты тегін курсын бастап кеттік.