Әлем • 24 Наурыз, 2020

Коронавирустың «көмегі»

244 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Америкалық әйдік фантаст жазушы Джордж Мартин шартарапты шарлаған коронавирустың өз творчествосына орасан зор пайдасы тиіп жатқанын хабарлады.

Коронавирустың «көмегі»

Автордың сөзінше, карантин мың-миллион көрерменнің көзайымына айналған «Тақтар таласы» сериалының аяқталуына ықпалын тигізуде. Демек «Мұз бен оттың әні» («A Song of Ice and Fire») роман-эпопеясының жазға салым жарияланады деп жоспарланған алтыншы бөлімі «Қыс самалы» («Ветра зимы») үздіксіз жазылуда. Көрермен мен оқырман көп жылдар бойы күткен бұл бөлімнің жарыққа шығуыәйгілі телесериалдың алтыншы һәм жетінші маусымдарымен тікелей байланысты.

«Шынымды айтсам, қазір көп уақытымды өз өмірімде емес, Вестероста өткізіп жатқандаймын. Ала таңнан қара кешке дейін жазу үстеліндемін», – деді автор әлеуметтік желідегі парақшасында.

Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығына ұсынылған (2019 жылы) «Мұз бен оттың әні» («A Song of Ice and Fire») эпопеясының желісімен «Тақтар таласы» («Игра престолов») сериалы түсірілген еді. Айта кету керек, бұл фильм соңғы жылдардағы ең танымал тележобалардың бірі саналып, он жылдың көлемінде көрермендердің қызығушылығына бөленіп келеді. Романда ойдан құрастырылған екі континент арасындағы бәсеке, Вестерос патшалығының билігіне талас сөз болады.
Сонымен қатар Мартин жұқпалы аурудың дендеп меңдегеніне байланысты қоғамнан оқшауланып, тек жазумен айналысып жатқанын айтты.