Қоғам • 24 Наурыз, 2020

Əскерилер ауқымды дезинфекциялауды Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жалғастыруда

154 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қалалық аумақтар мен нысандарды арнайы өңдеудегі ауқымды іс-шараларды Қарулы Күштерді биологиялық қорғау бөлімшелерінің Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы әскери қызметшілері жалғастыруда. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Əскерилер ауқымды дезинфекциялауды Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында жалғастыруда

Əскерилер күнделікті ондаған нысандарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізеді. Олардың басты мақсаты коронавирустың таралуына жол бермеу және қазақстандықтардың денсаулық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады.

Аталмыш дезинфекциялық өңдеулер қалалық сызбада бөлінген секторлар бойынша жүргізіледі, адамдар көп жиналатын орындар мен коронавирустық инфекцияның таралу қаупі жоғары аймақтар зарарсыздандырылады.

Сондай-ақ мамандар мектептерді, балабақшаларды, медициналық мекемелерді, сауда орталықтарын, базарларды, мешіттерді, теміржол вокзалдарын, ғимараттарға іргелес аумақтарды, жаяу жүргіншілер жолдарын, қоғамдық көлік аялдамаларын, даңғыл жолдар мен ескерткішкерді дезинфекциялайды.

Әскери қызметшілер арнайы жеке қорғаныс киімдерімен жұмыс істейді. Өңдеу үшін арнайы жуу құралдарын, «Рубеж» дезинфекциялық ерітіндісі бар жеке газсыздандыру жинақтарын пайдаланады.Ерітінді адамдар мен жануарларға қауіпсіз саналады, сондай-ақ бес сағатқа дейін әрекет етеді. Дезинфекциялау үшін қажетті реагенттер қорын арнайы техника – АРС-14KZ автомобиль құю станциялары қамтамасыз етеді.

Әскери қызметшілердің айтуынша, олар үшін карантин аясында өткізілетін барлық іс-шараларға тұрғындардың түсіністікпен қарауы аса маңызды. Өйткені, жеке жауапкершілік пен тәртіпке барлық қабылданған шаралардың нәтижесі тәуелді болып саналады.