Қазіргі коронавирус індеті кезінде адамдардың рухани сұранысы мен қажеттілігін қанағаттандыра алатын қазыналы мекеменің ақпараттық технологиялардың көмегімен көпшілікке қызмет жасауды жалғастырып жүргені атап айтуға тұрарлықтай іс екені анық. Бұл жөнінде облыстық кітапханаға арнайы келіп оның қызметімен танысқан Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өз ой-пікірін төмендегіше тұжырымдады.
«Азаматтар қандай күрделі кезеңде де, қандай сыни шақта да өздеріне рухани нәр мен азық ала білулері керек. Төтенше режім жағдайында да кітапханада оқырмандар сұраныстарын қанағаттандырудың тың тәсілдері іздестіріліп жатқаны ізетті де сауабы мол іс. Бұл ретте электронды кітаптар санын көтеруге неғұрлым көбірек көңіл бөлінсе, қолға алынған істің нәтижесі де соғұрлым жоғары болмақ. Қазіргі күні осындай қажеттілік туып отырғандықтан кітапхана ұжымы оқырманға қажетті кез келген оқулық пен кітаптың қолжетімді болуына қам-қарекет жасай білгендері жөн. Бұл бағыттағы бастамалар көңілден шығады».
Бұған қоса айтарымыз, қазіргі кезде ақтөбелік оқырмандар Baishev.kz сайты арқылы кез келген сұрақтарға жауап ала алады. Кітапханада «Өлкетану» бағыты бойынша 2015 жылдан бері 1500 кітап электронды форматқа көшірілген. Сонымен қатар кворкинг орталығында «Ақтөбедегі Америка» бұрышы қызмет көрсетеді. Мұнда аса құнды әрі кез келген жерде табыла бермейтін үш мыңнан астам ағылшын тіліндегі кітаптар қойылған. Кітапханаға бұдан екі жыл бұрын құны 4,5 миллион теңге тұратын көлемі үлкен ЭларСкан сканері сатып алынған. Соның арқасында айына елу-алпыс кітапты цифрландыруға мүмкіндік туып отыр.
АҚТӨБЕ