Отандастарымыздың бойында адам жанын елжіретер қанатты қамқорлыққа толы әдемі қасиеттердің көптігі қуантады. Қиналған сәтте желеп-жебеу жалғызілікті жандардың ғана емес, төрт құбыласы тең өзге де елдің сүйіспеншілігін туғызып отыр. Көкшетаулық такси жүргізушілері кейбір сәтте жолынан қалып бара жатқандарды тегін жеткізіп салып жатыр. Ерікті жастар жалғызілікті жандардың отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмегін апарып беруде. Мұның барлығы бірлікті көрсететін қарекет. Ал жеке кәсіпкер Дина Өміржанова кеше үш мыңнан астам масканы қала тұрғындарына тегін таратты. Кәсіпкер маскаларды облыс орталығындағы «Акай» тігін ательесінен өз қаражатына сатып алған.
Динаның ақ адал ниетін ұққан адам оның жанашырлығына еріксіз сүйсінетіндей. Егер әркім дәл осылай өз жерлестеріне қамқоршы болса, қазақстандықтарды ешбір індет қорқыта алмайды. Бірлігі мықты елдің тірлігі де бекем емес пе?! Бекемдей түсетін осы Дина тәрізді жанашыр жандар.
КӨКШЕТАУ