Аймақтар • 25 Наурыз, 2020

Таразда 4000-ға жуық медициналық маска тегін таратылып жатыр

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус індетінің алдын алуға байланысты Тараз қалалық әкімдігінің бастамасымен 4000-ға жуық медициналық маска тігіліп, олар көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін таратылды. Бұл ретте қалалық бірқатар мекеме мен қала тұрғындары да жалғызбасты қарттарға азық-түлік жеткізіп берсе, кейбір азаматтар тұрғындарға медициналық маскалар мен залалсыздандыруға арналған түрлі құралдарды тегін таратып, көмек қолын созуда.

Таразда 4000-ға жуық медициналық маска тегін таратылып жатыр

Тараз қаласындағы «Алтын-ай» тігін ательесі мерекелік демалыстарға қарамастан медициналық маскалар тігіп, оны тұрғындарға тегін таратуды бастады. Тараздағы кез-келген тұрғын таңертеңнен кешке дейін жұмыс істеп отырған шеберханаға келіп, медициналық маскаларды тегін ала алады. Аталған шеберхана басшылығының да мақсаты – көпбалалы және аз қамтылған отбасы мүшелеріне көмектесу екен.

«Бүгінде бес тігінші күніне 1000-ға жуық медициналық маска тігуде. Жалпы, біздің ателье 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қыз-келіншектермен бірге осындай қиын кезде үйде отырмай, қолдан келгенше дәріханаларда жоқ медициналық маскаларды бірге тігейік деп шештік» дейді «Алтын-ай» тігін шеберханасының басшысы Алтынай Бекенова.

Тігіншілерге қажетті маталар мен құралдар Тараз қаласы әкімдігінің тарапынан алынып берілген. «Ақжүніс» аналар қоғамының жетекшісі Жанат Естаева осындай жауапкершілігі мол жұмысты бастаған «Алтын-ай» тігін шеберханасына өзінің алғысын білдірді. Аталған тігін ательесі бүгінде 4000-нан астам медициналық масканы тігіп, «Ақжүніс» қоғамына тапсырыпты. Ал аталған ұйым бұл заттарды тиісті мекенжайларға таратып жатыр екен. Бір айта кетерлігі, тігінші қыз-келіншектер медициналық маскаларды ақысыз тігуде.

Бүгінде «Алтын-ай» тігін ательесі тіккен маскаларды алушылардың қатары көп.

«Біз үйден шығып жатқан жоқпыз. Бір балам Алматы қаласында. Бүгінде қаладағы ешбір дәріханадан медициналық маска таппадық. Көрсетіп жатқан жақсылықтарыңызға мың алғыс. Ең бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын» дейді жеті баланың анасы Күнсұлу Күзенбаева.

Бұл бастама алдағы уақыттарда да жалғасын табатын болады.

 

Жамбыл облысы