Жақында Қытай Италия билігін карантин шараларын дұрыс қолға алмай жатқанын сынға алған еді. Бұл елдегі ауру жұқтыру көрсеткіші 69 мыңға жетсе де автобустар жүріп тұр, автомашиналарға да әрі-бері жүруге тыйым салынбаған. Дегенмен де Италия кеш те болса сақтық шараларын күшейте бастады. Қазір мұнда он адамнан артық басқосуға болмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Италия ауруды бөгеу стратегиясын тиімді жүргізіп, вирусты жұқтыру көрсеткішін анықтайтын тесттермен халықты көбірек қамтыса, жағдайды түзеуге мүмкіндігі бар деп мәлімдеді.
Қазір әлемнің көптеген мемлекеттері Италиядан сабақ ала бастаған секілді. Көпшілігі індетті әрі қарай өршітпеу, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шындап кірісті. Мысалы, күні кеше Үндістанның премьер-министрі Нарендра Моди 1,3 млрд тұрғыны бар еліне «үйден мүлде шықпауға» шешім шығарды. Егер басқа елдерде азық-түлік, дәрі-дәрмек алу үшін сыртқа шығуға рұқсат берілсе, Үндістанда бұған да тыйым салынған. Карантин 21 күнге созылады. Мұндай шешім халыққа жариялана салысымен іле-шала күшіне енді, жұртшылықтың мойын бұруға да мүмкіндігі болған жоқ. Осы үшін Үндістан билгі сынға да ілікті. Бірақ карантиннің аты – карантин, амал жоқ, енді миллиардтаған халық үш апта бойы үйде отыруға мәжбүр.
Ұлыбританияда да карантин шаралары мықтап қолға алына бастады. Бүгінге дейін көшелерде еркін жүрген ағылшындар енді үйіне қажетті заттар алу үшін ғана сыртқа шыға алады. Британдықтардың көбі онлайн режимге көшкен. Жұмысқа қала тіршілігін қамтамасыз ететін жүйелердің қызметкерлері ғана барады. Соңғы мәліметтер бойынша, бүгінде Ұлыбританияды COVID-19 жұқтырғандардың саны 8 мыңнан, одан көз жұмғандар 400-ден асқан.
Ал Түркия тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ететін үлкенді-кішілі дүкендердің жұмыс уақытын шектеп, таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 21.00-ге көшірді. Дүкендерге кіріп-шығатын адамдарға да шектеу бар: 10 шаршы метрде бір сатып алушы ғана тұруы керек.
Индонезияда да вирус жұқтырғандардың қатары өсіп келеді. Өткен тәулікте індетке іліккен 100-ден астам адам ауруханаға түскен. Бұл ел де сақтық шараларын күшейтіп, көпшілік орындарда ғана емес, көшелерде де қол жуғыштар мен антисептиктер орнатты. Бұл елге сырттан келгендер визамен қоса, вирус жұқтырмағаны туралы анықтаманы да ала жүруі қажет.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ