Аймақтар • 26 Наурыз, 2020

Елгезек Ернар мен ақ ниетті Айжан

286 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үстіміздегі жылдың басынан бастап Шортанды ауданында gazvolonteer.kz сайтында тіркелген «Сенім» волонтерлер орталығы жұмыс істейді. Дақпырты мен даңғазасы көп ашылу салтанаты өткізілмеген, төңірегіне жасалған қамқорлықтарын көп айтып жарнамалап та жатқан жоқ. Бір айта кетерлігі, бұл орталық «Волонтер жылы» жария етілердің алдында құрылған.

Елгезек Ернар мен ақ ниетті Айжан

Аудандық аймақтық жастар орталы­ғы­ның жетекшісі Іңкәрім Қабылханның айтуына қарағанда, пейілі кең, жүрегі жомарт, жанашыр жандардың басын қосып отырған жалғыз мақсат – жал­ғызбасты жандарға қамқорлық көр­сету. Сөйтіп тағдыр тәлкісіне түскен адам­дар­дың жүре­гін өзде­рі­нің ізгі де ізетті, пара­сатты іс-қи­мыл­дары­мен жібіту, әр көңіл­де сенім ұя­лату. Біз­дің қоғамда мейі­рім­діліктің мол еке­н­ін, қажет кезінде ешкім­нің де қам­­қор­лықсыз қал­майтынын ұқтыру.

Орталықта жалпы отызға жуық адам бар. Олардың басым бөлігі студенттер мен жоғары сынып оқушылары. Жұмыс­шы жастар аздау.

– Біз енді осы бағытта да жұмыс істеуі­міз керек, – дейді Іңкәрім Қабыл­хан, – құрыш қолды жұмысшы жастар­дың өзге за­ман­дастарымен бірге замана талабына орай қозғалыстың бел ор­та­сында жүргені жақсы ғой. Ал орта­лықтың негізгі бағы­ты аудандағы волон­терлер қозғалысы­ның алдыңғы легінен табылып, егде, жалғыз­басты, көп ­балалы отбасыларына көмек қолын ұсыну. Сондай-ақ ел назарын аудару үшін қыз­ғылықты іс-шараларды өт­кізуді де ойлас­тыруда. Жалғыз қол күшін қажет ететін істі ғана тындырмай, рухани демеу болатын мазмұнды дүние­лер­дің мәні­мен замандастардың көкі­ре­гі­не жар­қ­ын сәуле құйсақ, – дейді.

Биылғы қыс қатал болды. Аязынан бұрын қары қалың. Тіптен еріктілердің ерік-жігерін таразы басына тартпақ бол­ғандай. Қайырымды жандар Шо­р­танды ауылындағы көптеген көшенің, күрек ұстауға шамасы жоқ жандардың аулаларын тазалап шықты. Көмір үйді, отын жарды, су тасыды.

Волонтерлердің бірі – Шортанды №3 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Еркін Жарқынбеков. Ернардың айтуына қарағанда, «Сенім» орталығы туралы хабар құлағына тиісімен бірден жеткен. Өйткені, көңілі қалайтын, жүре­гіне жақын шаруа екен. Отбасында да қайы­рымдылық қағидаттары туралы ес білгелі айтылып келеді.

– Мұндай жан жадыратар жанашыр­лық шаралары бір мезеттік немесе бір жыл­дық болмауы керек, – дейді Еркін Жар­қынбеков. Мысалы, мен бұрын бөг­де, егде адамдарға көмек беруге қым­сы­на­тын едім. Бір түрлі ұят тәрізді болып көрінген. Менің ақ адал пейілімді дұ­рыс ұқпай қала ма деп ойлайтынмын. Сон­дық­тан бастама көтерілген кезде көкейім­де жүрген көрікті ой өз арнасын тапты. Үлкендердің айтуына қарағанда, батадан бағалы ештеңе жоқ. Халқымызда «баталы құл арымас» деген әдемі сөз бар ғой.

Елгезек Ернар мектепті бітірген соң да жалғызбасты жандарға көмектесе бермек. Осы қасиеттен бойымда күш-қуат барда арылмаймын дейді. Оның сыныптасы Айжан Қойлыбай Ернарға қараған­да волонтерлер қозғалысы туралы сәл ертерек естіпті. Айжан өз құр­бы­­лары­ның бо­­йында өзгеге деген жана­шырлық қасиеттің көптігіне қуанады. Оның ойынша, жас толқын жақсылық жасау­ға ынтық болса, өздері де пейілі кең, көңілі таза адам болып қалыптаспақ.

Бізді бір қуантқаны, жастар кәдімгі өмір көрген, тәжірибе жинақтаған егде адам­­­дар тәрізді пайымдайды екен. Зайы­ры жақ­сылық жасау жасқа қара­майды екен ғой. Ең бастысы білім ошағында елгезек Ернар мен ақ ниетті Айжан тәрізді оқушылар көп.

Орталық жетекшісі Іңкәрім Қабыл­ханның басшылығымен жыл ішінде ат­қарылатын жоспар түзіліпті. Әрине қатып қалған нәрсе емес. Қажеттілігіне орай толықтырылып, байытылып отыр­мақ. Қатары күннен-күнге өсіп келе жат­қан жанашыр жастардың бойындағы жақ­сы­лықтың жалыны жан дүниеңе жарқын сәуле түсіреді.

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы