Мысалы, ақ, сары, қызыл, қара, көк деген бес түрлі түс атауымен қатар, темір, ағаш, топырақ, от, су сияқты материалдық атауларды есепке алған. Бұл атаулар жарын есебін жүргізгенде жаңалыспау үшін қажет болған сыңайлы. Жоғарыдағы есеп бойынша биыл Темір тышқан жылы кіріп жатыр.
Жалпы тышқан жылының ерекшелігі жайлы ежелгі жазбаларда, фолклорда көптеген жорамал-болжамдар айтылады. Керекулік молда атамыз Машһүр Жүсіптің жазбаларында, тышқан жылы егіншілік кәсіпке қолайлы, осы жылы туғандар көр-жерді жинағыш, еңбекқор болады десе, танымал этнограф Биқұмар Кәмалашұлы 2013 жылы жарық көрген «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» атты көлемді еңбегінде: «Тышқан жылы туған адамдардың қылығы жыл жануарына ұқсас болады. Бұлар «тышқан тірлікке» құмар, дүние жинағыш, үнемшіл, ұқыпты жандар. Бір басына жетерлік дүние жинап, жақсы өмір сүреді. Бұл жылы туғандар ұлу, қоян, қой, мешін жылы туған адамдармен жарасымды өмір сүре алады. Барыс, ит, жылан жылғылармен жарасымы жақсы болмайды» деген екен.
Сол сияқты, биыл кірген темір тышқан жылы бұдан 60 жыл бұрын 1960 жылы бір дүркін келген екен. Осы жылы туғандар биыл «Алпыста бар асылың түгел жайнап, Маңыңа сəуле шашқан шырақтайсың» деп әйгілі әнші Балуан Шолақ атамыз айтқандай 60-тың асқаралы биігіне шығып отыр.
Биылғы темір тышқан жылының басқа тышқандардан ерекшелігі жайлы моңғол баспасөздерінде жарияланған болжамдарға жүгінсек, бұл жыл жаман болмайтын сияқты. «Биыл жаңа жарын басталғандықтан жамандық болмауы тиіс. Көне көшпенділер ұғымында «Тірлігі мығым адам – тышқан жылы туады» деген тәмсіл бар. Берекеге бай, белдігі бекем, тоқымы терсіз, түтіні түзу, тірлігі тоқ жыл болуға лайық»деп жазған екен News.MH сайты жұлдызшылар жорамалына сүйеніп.