Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз басында жалпы отырыс жаңа форматта өтіп жатқанын, бұл шаралар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының нұсқауына сәйкес қабылданғанын атап өтті.
– Бүгінгі жалпы отырыс біршама өзгерген форматта өтіп жатыр. Біздің кейбір әріптестеріміз қатысып отырған жоқ. Бірақ бұған алаңдаудың реті жоқ, олардың барлығы аман-есен. Қазіргі ахуалға байланысты жасы 65-тен асқан депутаттарға алқалы жиынға қатыспау жөнінде кеңес бердік. Жиналған депутаттардың саны жалпы отырысты осындай форматта өткізуге мүмкіндік береді. Енді жалпы отырыстарға әрбір заң жобасы бойынша тек депутаттар мен негізгі баяндамашылар қатысады, – деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжілістің жалпы отырысына 81 депутат қатысты. Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының санитарлық нормаларына сай залда араларын алшақ ұстап отырды.
Бұдан әрі жиналған қауым күн тәртібіндегі негізгі мәселеге көшіп, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңының жобасын бірінші оқылымда талқылады.
Аталған құжаттың жай-жапсарымен Ақпарат жəне қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев таныстырды. Ол қолданыстағы бейбіт жиналыстар мен митингтер өткізу тәртібі туралы заңның қабылданғанына 25 жыл өткенін, осы жылдар ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық саласында үлкен өзгерістер болғанын айтты.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін емес. Бүгінгі таңда халықтың өз ұстанымын бейбіт жиналыстар арқылы білдіру мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейту қажеттілігі пайда болды. Азаматтық қоғамның сұранысы және уақыт талабы – осындай. Сондықтан мәселе қолданыстағы заңға өзгерістер енгізу туралы ғана болып отырған жоқ. Бұл – барлық бейбіт жиналыс түрлерін ұйымдастыру мен өткізу мәселелерін реттейтін, тұжырымдамалық тұрғыдан жаңа заң жобасы. Біз АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Аустралия, Сингапур, Жапония, Швеция және Ресей сияқты елдердің осы аталған саладағы заңнамаларын мұқият зерделедік. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, әлемнің көптеген елі бейбіт митингті ұйымдастыру және өткізуде басты басымдықты қоғамдық қауіпсіздікке береді. Тіпті бірқатар демократиялық ел әлемде қоғамдық-саяси жағдайдың ушығуын ескере отырып, бейбіт митинг өткізу жөніндегі заңнамасын қатаңдатқан. Сонымен бірге либерализация жолымен жүретін елдер де бар, – деді министр.
Дәурен Абаев министрлік заң жобасын әзірлеу барысында қоғамдық пікірді, әлеуметтік желілерді зерделегенін, әлеуметтік зерттеулер жүргізгенін, қарама-қайшы пікірлердің көптігінен барлық мүдделі тарапты қанағаттандыратын оңтайлы шешім табу оңай болмағанын атап өтті.
Аталған құжатта заңнамаға бейбіт жиналыстардың базалық қағидаттарын енгізу көзделеді. Олар – зорлық-зомбылықсыз сипат; заңдылық; мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, денсаулық сақтауды, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз ету; қатысу еріктілігі.
Жаңа заң бойынша бейбіт жиналыстарды өткізу үшін жергілікті атқарушы органның келісімін алу қажет болмақ. Жобада митинг өткізу үшін баламалы орынды ұсыну құқығы да көзделген.
Бұған қоса бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушылардың, оларға қатысушылардың, журналистердің мәртебесі, құқықтары мен міндеттері бекітіледі. Бұл барлық тарапқа қойылатын талаптарды айқындауға мүмкіндік береді. Бейбіт жиналыстарды өткізуден бас тарту, оны тоқтату және тоқтата тұру үшін негіздердің толық тізбесі де белгіленеді.
Сондай-ақ заң жобасында үгіттеу институтын енгізу қарастырылған. Мәселен, бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушының үгіттеуді кедергісіз жүргізуге, заңнамада тыйым салынбаған символиканы, иллюстрациялық материалдарды пайдалануға құқығы болады. Бұл ретте ұйымдастырушы үгіт жүргізетін уақытты және мамандандырылған орынды хабарлауға тиіс.
Заң жобасына сәйкес, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органы, аудандық маңызы бар қаланың әкімі бейбіт жиналыстардың нысаны мен оған қатысушылардың санына қарай ұйымдастырушыға митинг өткізуге, оның ішінде медициналық көмекті және басқа да қажетті көмекті ұсынуға жәрдем көрсету мақсатында өз өкілдерін тағайындайды.
Нұрлан Нығматулин Мәжіліс депутаттары, мемлекеттік органдар, парламенттік емес партиялар, ҮЕҰ мен азаматтық қоғамның өкілдері бірлесіп жұмыс атқарған жаңа заң жобасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келетінін атап өтті.
Талқылау барысында депутаттар бірқатар мәселеге тоқталып, соның ішінде бейбіт жиналыстарды өткізетін арнайы орындар жағы да сөз болды.
– Меніңше, біздің депутаттарымыз енгізген ұсыныс өте орынды. Себебі бейбіт жиынды ұйымдастырушылар үшін барлық жағдай жасалу керек. Арнайы жиын өтетін орындар туралы ақпараттар да ашық болуы тиіс. Әйтпесе олар орынның бос немесе бос емес екенін қайдан біледі? Сондықтан әкімдік өз сайтында бос орындар туралы ақпаратты толық орналастыруы қажет. Бұл қай жағынан алып қарасаң да пайдалы әрі тиімді, – деді Мәжіліс Төрағасы.
Сонымен қатар депутаттар бейбіт жиын өткізу туралы хабардар ету мерзіміне ерекше назар аударды. Отырыста үкіметтік нұсқада ұсынылған мерзімдер қысқартылуы тиіс екені айтылып, бұл норманы екінші оқылымға дейін пысықтау тапсырылды.
Мәжілісмендер заң жобасының журналистердің құқықтары туралы бөлігі қолданыстағы БАҚ туралы Заңның нормаларын қайталайтынын атап өтіп, мұны қайта қарау қажет екенін алға тартты.
– Біз еліміздің демократиялық даму жолында тағы бір маңызды заң жобасын мақұлдадық. Осы бейбіт жиындарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібіне енгізілген өзгерістер, ең алдымен, мемлекеттік органдардың халықпен байланысын күшейтуге ықпал етеді. Екіншіден, азаматтардың кез келген мәселені ашық және еркін жеткізуіне мүмкіндік береді. Мысалы, бұрынғы Заңда митинг өткізу үшін бірінші кезекте рұқсат алу керек болатын. Ал қазіргі құжатта бастысы, бейбіт жиынға қанша адам қатысатынын, қандай мәселе болатынын және қайда өтетінін алдын ала ескерту қажет. Тағы бір ерекшелігі – ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі қаралып, журналистердің құқықтары мен міндеттері белгіленіп отыр. Осының барлығы мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте қажетті, – деді Нұрлан Нығматулин.
Сонымен қатар жалпы отырыста депутаттар Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Аталған заң жобасының негізгі мақсаты – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілері арсеналдарының, базалары мен қоймаларының қауіпсіз жұмыс істеуін, сондай-ақ оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше жағдайдың туындауы мүмкін болған жағдайда халықты, азаматтық және басқа да инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз ету бойынша заңнаманы одан әрі жетілдіру.
Жиын соңында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин Nur Otan партиясы фракциясы депутаттарының атынан төтенше жағдай кезінде елдің тұрақтылығын қамтамасыз ету және коронавирус эпидемиясының таралуына қарсы әрекет ету үшін қабылданатын шараларға қолдау білдірді.
Палата Спикері Нұрлан Нығматулин Мәжілістегі партия фракциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайға байланысты тапсырмаларына бірауыздан қолдау білдіретінін, елімізде індеттің таралуына қарсы дайындық жасалғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік деңгейде қабылданып жатқан шаралар уақтылы және дағдарыстық жағдайға жауап беретініне сенім білдіргенін атап өтті.
Мәжіліс Төрағасының айтуынша, індет кезінде осындай шараларды қабылдаудан кешігіп қалған елдерде жағдай күрт төмендеп кеткен. Жергілікті деңгейде салықтық преференциялар мен қолдауды қоспағанда, дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы пакеті 4,4 трлн теңге немесе 10 млрд долларды құрайды. Осылайша Президенттің тапсырмалары қоғамдағы барлық саланы қамтып, әлеуметтік тұрақтылық басты назарда болмақ.