Жалғызілікті қарияларға, ҰОС және тыл ардагерлеріне, басқа да көмекке мұқтаж жандарға күнделікті қажет азық-түлік, қауіпті індеттен қорғану құралдарын таратып жүрген еріктілердің бастамасын Орал қаласындағы кәсіпкерлер, этномәдени бірлестік өкілдері барынша қолдап жатыр. Әсіресе «Белес-Агро», Желаев ұн комбинаты сынды ірі кәсіпорындар, «Суровский» дүкені астық пен макарон өнімдерін, өсімдік майын тегін берген. Армян этномәдени орталығы 100 келі ұн мен 50 келі макарон өнімдерін ұсынса, татар ұлттық қоғамы ұн өнімдерімен бөліскен. Шешен-ингуш мәдени ұйымы онкологиялық сырқаттарға 800 дана бетперде мен 10 литр антисептик таратты.
«Қайырымдылық керуені» төтенше жағдай уақыты аяқталғанша жұмыс істейтін болады. Қозғалыстың 21 адамнан тұратын штабы құрылған. Еріктілер демеушілер көмегімен дайындалған «әлеуметтік пакеттерді» өз көліктерімен мұқтаж жандарға таратады. Наурыздың 24-і күні 42 адам осындай қайырымдылық жәрдеміне ие болды.
Оралдық еріктілердің ұйымшылдығы мен бастамашылдығына риза болған Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті басшылығы олармен арнайы кездесіп, төтенше жағдай режимін сақтау бойынша рейдтерге қатысуды сұраған екен. Қазір еріктілер бұл шараға да белсене кірісіп кетті.
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ
Батыс Қазақстан