Руханият • 27 Наурыз, 2020

Қазақ суретшілерінің картинасы қаншалықты құнды?

225 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шынын айту керек, біз картиналарды көбінесе музейлерден, үлкен кеңселердің төрінен көреміз. Кейбір жеке пәтер, үйлердің қабырғасына ілінген картиналарға енді-енді көзіміз үйреніп келеді. Онда да қылқаламмен салынған осынау дүниелердің маңызына, сапасына, авторына мән бере бермейміз. Көбінесе гүл, табиғат көріністері, құйындатып шауып бара жатқан бір үйір жылқының суреттерін көріп, «тамаша екен» деп, тамсанумен тынамыз. Мерейтой иесіне картина сыйлағанда оның авторы кім, түпнұсқа ма, жоқ, көшірме ме, ол жағы мүлдем айтылмайды.

Қазақ суретшілерінің картинасы қаншалықты құнды?

Ал, шетелде осынау өнерге деген көзқарас мүлдем басқа. Шетел картиналарының бағасынан басыңыз айналады. Содан болар, бұл елдерде картина ұрлап, қымбат дүниелерді қолға түсіру үшін қылмыскерлер сан қилы қулықтарға барады. Атақты музейлерден қымбат картиналар ұрлау туралы талай шытырман оқиғалы фильмдер түсірілді. Сіз бәлкім сенерсіз, сенбессіз, кейбір елдер картина сатып, қарыздарын жаппақшы да болған. Осыдан бес-алты жыл бұрын француз үкіметі Леонардо да Винчидің Лувр коллекциясында «Мона Лиза» картинасын сату мүмкіндігін талқылады. Мұндай қадамға француз билігі екі триллион еуроны құрайтын мемлекеттік қарызын жабу үшін бармақшы болған. Француз астанасында өнер қазынасы толы 173 музей бар. Сарапшылардың есептеуінше, бір ғана Орсе коллекциясын сатудың өзі мемлекеттің несиешілермен есеп айырысуына мүмкіндік берер еді. Алайда француз заңнамасы мемлекеттік музейлер экспонаттарын сатуға жол бермеді. Сол сияқты Португалия да Жоана Миро шығармаларының коллекциясын 36 миллион еуроға сатуға шығарып, салық жүгінен құтылмақ болды.

Енді біздің елімізде картиналар қалай бағаланады? 2012 жылы Әбілхан Қастеевтің де 20 картинасының ұрланғаны белгілі болды. Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті халық суретшісі Ә. Қастеевтың туындыларын ұрлаған тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қозғап, 2012 жылдың 25-қазанында ұрланған суреттерді 15 000 АҚШ долларына сатпақшы болған Р. деген азаматты ұстаған болатын. Қызы Гүлдария Қастееваның айтуына қарағанда картиналар сақталған архивтегілер атақты суретшінің жиырма жұмысы жоқ екенін мəлімдеп, қашан жоғалғанын да, қалай жоғалғанын да білмейтін болып шыққан. Кейіннен алтауы табылған, 14 картинаның жайы әлі күнге белгісіз.

Қайбір жылы республикалық басылымдардың біріне сұхбат берген Гүлдария Қастеева «Әкем Әбілхан Қастеевтің 1965 жылы салған «Пейзаж» атты картинасына аукцион жарияланып, 413 мың долларға бағаланды. Одан бөлек қаражат қажет болып, қысылғанда бірді-екілі картиналарын саттық. Бір картинасын 15 мың долларға өткізгенбіз» деген болатын. Шынында қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Ә. Қастеевтің еңбегіне сұраныс қашанда өте жоғары. Тіпті осы күнге дейін іздеп, сұрап келіп, түпнұсқасы табылса қанша қаржыға болса да сатып алуға дайын тұрады. Бірақ, өкінішке орай, Қастеевтен кейін картинасы қолды болып немесе қымбатқа бағаланып, шетелге сатылып жатқан қылқалам шеберлерінің туындылары туралы естімедік. Әрине, қазақ картиналарының мүлдем құны жоқ, саудасы жоқ деуге болмас. Ішінара сатылып жатқандары баршылық.

Бірақ, қазіргі заманда әр суретші өз нарығын өзі қалыптастыруы керек. Оған барлық мүмкіндік бар. Бәрі сатушының өзіне байланысты ғой. Яғни, қазіргі өнер адамы заманға сай жан-жақты болуы тиіс. Дегенменде картиналардың сатылымын жандандыру ісіне мәдениет және спорт министрлігі де ықпал етсе деген ойымыз бар. Бәлкім суретшілерге бұл бағытта курстар өткізіп, бағыт-бағдар беру керек шығар. Болмаса жеке сайт ашып, басқа да мүмкіндіктер арқылы қазақ суретшілерінің еңбегін бүкіл елімізге және шетелге жарнамалар. Рас, қазіргі суретшілер негізінен мерейтой, қуаныш иелеріне сыйлау үшін ғана еңбек етіп, арзанқол дүниелерді қаптатып жатыр. Әрине, ол да күнкөріс көзі. Бірақ, нағыз таланттардың туындысы жарқ етіп көрінбей, тасада қалып кетпесіне кім кепіл?! Қалай айтсақ та, қазір қазақ суретшілерінің картиналары қаншалықты құнды, жалпы сапасына, авторына қарап сатып алушылар қатары көп пе деген сұраққа жауап беру қиын.