Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Көкшетауда қауіптің алдын алуға қапысыз көңіл бөлінген

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен облыстық әкімдікте дағдарысқа қарсы өңірлік жедел штабтың кезекті отырысы өткізілді.

Көкшетауда қауіптің алдын алуға қапысыз көңіл бөлінген

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев бүгінгі таңда коронавируске байланысты елімізде күрделі жағдай қалыптасып отырғандығын айтып өтті. Дәл осындай уақытта бірліктің, тәртіптің қажет екендігі де еске салынды.

Ел жағдайы ешқашан назардан шығарылмайды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 700 миллиард теңге қаражат бөлінгелі отыр. Соның ішінде 32 миллиард теңге Ақмола облысына тиесілі. Мұнымен қатар, жұмыспен қамту мақсатында республика бойынша 300 миллиард теңге, соның ішінде біздің облысқа 13 миллиард теңге қаражат бөлінетіні штаб отырысында айтылды.

–«Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» секілді барлық жобалар облыс экономикасына жұмыс істеуі керек, – деді облыс әкімі,– азық-түлік, атап айтсақ, ұн, картоп, қарақұмық секілді өнімдерге экспортты шектей тұруға шешім қабылданды. Мұның барлығы өзіміздегі сауда орындарында азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қажет.

Коронавирустің таралуын болдырмау мақсатында облыста көптеген жұмыс атқарылуда. Облыс аумағында онлайн-сауда қызметі іске қосылды. Өңірімізде мәдени-бұқаралық шараларды өткізуге шектеу қойылып, бала бақшалар жұмысын уақытша тоқтатты. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың айтуынша, бүгінде облыс бойынша 159 адам карантинде. Оның 47-сі емханаға жатқызылған. Тұрғындарға бұқаралық ақпарат құралдарында коронавирус қаупі, одан сақтанудың жолдары туралы хабарламалар күн сайын таратылуда. Арнайы сайт әзірленуде. Сонымен қатар, «Тыныс» зауыты 77 өкпені жасанды желдету аппаратын облыстық денсаулық сақтау басқармасына сыйға тартқаны атап өтілді. Облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан карантинге жабылған тұрғындарға психологиялық көмек көрсету мақсатында арнайы онлайн қызметі ашылған. Және 109 нөмірі бойынша call-орталық жұмыс істейтін болады.

Өкінішке орай, елімізде коронавируске байланысты жарияланған төтенше жағдайға қарамастан, кейбір сақтық шаралары әлі де дұрыс ескерілмей келеді. Адам көп жиналатын орындарға бармауға кеңес берілгенімен, балалар мен жасөспірімдер ойын, спорт алаңдарынан табылуда. Осы ретте, облыс әкімі тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары нашар жүргізіліп жатқанын, азаматтардың қауіпті індетке бейқам қарайтынын сынға алып, тиісті ведомстволарға коронавирус қаупі жайлы ақпараттық-түсіндіру шараларынширата түсуді тапсырды.

Сондай-ақ, облыс әкімі Ермек Маржықпаев штаб отырысы кезінде қашықтықтан оқыту мәселесіне назар аударды. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың мәлімдеуінше, төтенше жағдай кезінде барлық білім беру мекемелері қашықтықтан оқытуға көшкен. 2020 жылдың 6 сәуірінен бастап мектеп оқушыларын қашықтықтан оқыту мәселесі ойластырылуда. Қазіргі таңда облыста орта білім беретін 556 мектеп бар. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қамтылуы 80 оқушыдан аспайтын мектептерді әдеттегі режимде оқыта беруді ұсынып отыр. Бізде ондай мектептердің саны 207.

Штаб отырысын қорытындылаған облыс әкімі өз орынбасарларына және жауапты ведомство басшыларына жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Ақмола облысы