Аймақтар • 27 Наурыз, 2020

Тілсіз жау да тірсектен алуын қоймайды

220 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кеше Петропавлдың Керуен көшесіндегі 139 үйден өрт шығып, үлкен апатқа айнала жаздады. Әйтеуір, өрт сөндірушілер дер кезінде жетіп, үйді толық жанып кетуден аман алып қалды.

Тілсіз жау да тірсектен алуын қоймайды

Үй иесінің мас болғаны белгілі болып отыр. Ал өрттің шығу себебі әлі толық анықталған жоқ. Мас адам шоқ түсірді ме, әлде от электрден бе, газдан шықты ма, белгісіз. Денесін біршама күйік шалған үй иесі қазір аурухананың жан сақтау бөлімінде жатыр. Басқа зардап шеккендер жоқ.

Жыл басынан бері Петропавлда осындай 33 өрт болған. Оның 8-де қайғылы оқиға орын алып, адам шығыны болды. Өлгендердің 2 жас балалар. Барлық тұрғыны 220 мыңға жетпейтін шағын қала үшін бұл қауіпті көрсеткіш. Тек, әйтеуір өртсөндіру қызметі өз орнынан табылып отыр.  

Осының алдында бір күн бұрын жеңіл машинадан да от шығып, иесі әупіріммен аман қалған. Ол отты өз күшімен сөндірмек болса отқа қарсы қолданатын құралы істемейді екен. Әйтеуір, өрт сөндірушілердің тез жеткендігінің арқасында ғана от жылдам өшіріліп, көлік иесіне материалдық зардап келгені болмаса адамдар аман қалды.

ПЕТРОПАВЛ