Сыртқы істер министрлігі 27 ақпаннан бастап азаматтарға бірінші санаттағы елдерге сапарлаудан бас тартуды және мүмкіндігінше екінші санаттағы елдерге сапарды кейінге шегеруді ұсынып, бұл мәлімдемені туристік салада жұмыс істейін ұйымдарға таратқан.
Бұған қарамастан 16 наурызға дейін 435 мың азамат шетел асып үлгерген. Олардың көбі жылы елдерге демалуға шыққан. Мысалы, тек Мысырға – 5616, БАӘ-ға – 6778, Түркияға – 8327, Таиландқа – 1342, Мальдив аралдарына 487 отандасымыз барған. Бұл қатарда Мексика, Доминикан Республикасы,Буркина-Фасо, Бразилия сияқты экзотикалық елдер де бар.
– Сол тұста ұлттық авиатасымалдаушылар көптеген елге ұшуды белсенді түрде қысқарта бастады. Біздің азаматтар бұған да тоқтаған жоқ. Сұраныстың күрт төмендеуінен туристік жолдамалардың бағасы да арзандай берді. Ал бұл жағдайды неге пайдаланбасқа... Отандастарымыздың көбі көрші елдердің авиатасымалдаушыларымен ұша бастады. Осылайша Ресей арқылы – 174378, Қырғызстан арқылы – 118199, Өзбекстан арқылы – 109125 қазақстандықтар ұшып кетті. Бұдан әрі бұл транзиттік жолаушылар еуропалық елдерге және курорттық өңірлерге бағыт алды, – деді Айбек Смадияров.