28 Тамыз, 2013

Маңғыстау мерейлі мерекелер аясында

381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл мұнайлы Маңғыстау той құшағында. Өз алдына облыс болып шаңырақ тіктегеніне 40 жыл толса, облыс орталығы, көк теңіз жағасындағы таранған аққудай әсем қала – Ақтау жарты ғасырлық ғұмырының табалдырығын аттады.

STP84437Биыл мұнайлы Маңғыстау той құшағында. Өз алдына облыс болып шаңырақ тіктегеніне 40 жыл толса, облыс орталығы, көк теңіз жағасындағы таранған аққудай әсем қала – Ақтау жарты ғасырлық ғұмырының табалдырығын аттады.

Бұлардан басқа облыстағы Қарақия, Бейнеу аудандары – 40, Маңғыстау ауданы 85 жылдық мерейлі жаста. Қазір өңірде облыс пен облыс орталығының туған күні қызу аталып өтуде. Қыркүйек айының 19-21-і аралығына белгіленген айтулы күнге бір ай қалғанда той дабылы қағылды деуге болады. Мәдени шаралар тізбегі үзілмей, сан-сапат салтанат жалғасын табуда. Олардың арасында түрлі нысандардың ашылуы, қайырымдылық акциялары, танымдық-әдеби, мәдени кештер мен шоу-бағдарламалар, спорттық ойындар мен сайыс-бәсекелер бар. Теңіз жағасы сән-салтанат пен ән-жырдың мекеніне айналғалы қашан?! Теңіздің салқын лебінде кешкі серуенге шыққан тұрғындар тегін концерттердің көңілді көрермені болу мүмкіндігіне ие. Бұған дейін Мұнайлы, Түпқараған аудандарының өнерпаздары тойлы Ақтау қаласына арнайы келіп ән-жырдан шашу шашса, алдағы күндері бұл дәстүрді Қарақия ауданы жалғастырады деп күтілуде. Шара барысында біз куә болған кеш – облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған «Алтын жүрек домбыра» атты жыршылар сайысы болды. Осылай деп алдымен аузымен құс тістеген жыршылар мекенінің бүгінгі буынын өзара сайыстырған ұйымдастырушылар, келесі күні «Маңғыстауым – мақтаным» деген тақырыпта дәстүрлі әнші-термешілер, үшінші күні «Ғасырлар үні» атты күй кешін өткізді. Үшеуі де халықтың төл өнері, қазақы рухы жаншылмағанның аңсап тыңдар жансусары. Жыршылар Нұрым Шыршығұлұлы, Абыл Тілеуұлы, Қашаған Күржіманұлы, Ақтан Керейұлы, Сәттіғұл Жанғабылұлы, Түмен Балтабасұлы, Нұрпейіс Байғанин, Елбай Қосымбайұлы сынды сөз зергерлерінен қалған маржан жыр мен мәнерлі мақамды дүбірлетсе, термешілер олардың ақыл-нақылға толы өсиет үндерін жеткізді. Дәстүрлі әншілер «Адайдың жеті қайқысы» деген атпен тарихта қалған маңғыстаулық әншілердің, сондай-ақ Мұхит пен Ғарифолланың әндерін шырқады.

«Бұл – бастамасы. Мерейтойлар мағыналы шаралармен толыға түсетін болады», дейді облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары П.Сармұрзина.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау.