Аймақтар • 28 Наурыз, 2020

Батыс Қазақстан еріктілері 437 отбасына көмектесті

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі төтенше жағдай режимінде тілсіз жау – қатерлі індетпен белсеніп күресіп жүрген топтың бірі – еріктілер. Бүгінде Батыс Қазақстан облысының volunteer07.kz сайтына 8955 адам тіркелген. Олар қазір негізгі 3 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр.

Батыс Қазақстан еріктілері 437 отбасына көмектесті

- Біз алғашқы күннен-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, көп балалы ата-аналарға азық-түлік, дәрі-дәрмек және өзге де қажетті өнімдерді жеткізуге жәрдемдесіп жатырмыз, - дейді Батыс Қазақстан облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш.

Қазіргі таңда ақжайықтық волонтерлер 437 отбасыға көмек көрсеткен. «Бұл жұмысты тоқтатпай, жалғастыра береміз» дейді еріктілер.

Волонтерлердің көмегімен қолға алынған тағы бір бастама - бірнеше мәрте қолдануға арналған бетперде тігу ісі. Осылайша бір аптада жергілікті еріктілер 4000-нан астам бетперде тігіп, облыс тұрғындарына тегін таратқан.

Әрине, сын сәтте мемлекет тарапынан кешенді шаралар ұйымдастырылып, тұрғындарға барынша қолау көрсетілуде. Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қатаң қадағалануда. Алайда тауар құнын негізсіз өсіріп, қалтасын қампайтқысы келетін пайдакүнемдер де кездесіп қалады. Осы жерде еріктілердің көмегі қажет-ақ. Батысқазақстандық волонтерлер бүгінде түрлі мониторинг топтардың құрамына кіріп, күн сайын базарлар мен дүкендерде бағаның өсіп кетпеуін, сатушылардың бетперде, қолғап, антисепик құралдарын қолдануын, ойын-сауық орындары, кафелер мен дүкендердің кешкі сағат 10.00-нан кейін жұмыс жасамауын қадағалап жүр.

- Бұл үш бағыттан бөлек облыс тұрғындарын үйде болуға үгіттеп – #Үйдебол, медицина қызметкерлерін қолдауға арналған – #Біздіңдәрігерлергерахмет хэштегтерін әлеуметтік желіде таратып жатырмыз, - дейді Нұрхат Серікқалиұлы.

Айта кетейік, батысқазақстандық еріктілердің көмегіне мұқтаж жандар volunteer07.kz сайтында немесе 87051430606 номеріне хабарласып, өтінім қалдыра алады.

 

Суретті түсірген Рафхат Халелов

Батыс Қазақстан