Аймақтар • 28 Наурыз, 2020

Жамбыл облысы сәуір соңында Тәжікстан мен Өзбекстанның көкөніс импортына тәуелді болады

171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгінде Жамбыл облысында күнделікті өндірілетін ет, сүт, нан өнімдері ішкі сұранысты артығымен қамтиды. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Берік Нығмашевтің айтуынша, сақтауға қойылған көкөніс көлемі сәуір айының соңына дейін жеткілікті. Ал әлеуметтік нан өндірісі үшін ұнның үш айға қажетті қоры жинақталған. Жалпы көлемі 6450 тонна ұн болса, оның 3450 тоннасы наубайханаларда, 3000 тоннасы тұрақтандыру қорында.

Жамбыл облысы сәуір соңында Тәжікстан мен Өзбекстанның көкөніс импортына тәуелді болады

Жергілікті ұн, макарон, жұмыртқа, сары май өндірісі ішкі сұранысты ішінара қамтып, сұраныс артқан жағдайда бұл тауарлардың өндірісін екі есеге арттыруға мүмкіндік бар екен. Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан жеткізілетін өнімдер ішінен күріш, тұз, ұн, бидай, күнбағыс майы, қарақұмық тауарлары облысқа тұрақты жеткізілуде. Ал, Берік Нығмашев сыртқы нарыққа облыс сәуірдің соңына қарай Тәжікстан мемлекетінен пияз, Өзбекстан елінен қырыққабат, картоп көкөністерінің импортына тәуелді болатынын айтты. Аталған басқарманың мәліметінше, отандық көкөністің 1,5 айға жеткілікті қоры қалған. Ерте пісетін отандық көкөніс өндірісі маусым айының басында басталады.

Бүгінде өңірде сыйымдылығы 313,2 мың тоннаны құрайтын 218 жеміс-көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеуде, оның ішінде сыйымдылығы 217,8 тоннаны құрайтын 160 қойма мұздатқышпен қамтылған. Жалпы, облыстағы жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау қоймаларында 11 313,9 тонна өнім сақталуда.  Оның ішінде 1058 тонна картоп, 4543 тонна пияз, 5171 тонна сәбіз, 52 тонна қырыққабат және 490 тонна мақсары майы және сүт өнімдері бар.

 

Жамбыл облысы