Елдегі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген. Бұған дейін теміржол вокзалында 40 пойыз қатынайтын, қазір олардың 33-і тоқтатылған. Ал, жолаушылардың саны тәулігіне 1 мыңнан асып жығылатын. Яғни, әуе қатынасы, теміржол, авто вокзалдардағы қауіпсіздік басты назарда. Нұрсұлтан мен Алматы қалаларынан, сондай-ақ халықаралық бағыттағы қатынайтын пойыздар тоқтатылған. Жүк пойыздарына шектеу жоқ.
–Теміржол вокзалындағы коронавирустың алдын-алу мақсатында кіре беріс аумағында 3 бірдей диспенсер орнатылған. Жолаушылар қолын тазартады. Барлық қызметкерлер бетпердемен жүреді. 3 қабатта да ауру белгілері мен одан сақтану амалдары туралы көрнекі ақпараттар ілінген. Сағат сайын барлық теміржол аумағында тазалық жұмыстары жүргізіледі. Әсіресе, банкомат, терминал, касса, кіре беріс пен қалаға шығатын есіктің тұтқалары барлығы мұқият тазартылады. Әрбір 5 минут сайын дауысты хабарлама арқылы қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат береміз,–дейді Көкшетау теміржол вокзалының бастығы Роза Арыстанқызы.
Санитарлық-эпидемиологиялық қызмет саласының өкілдері өзге станциялардан келген жолаушыларға тұтас мониторинг жүргізеді. Тепловизорлар жеткілікті. Техникалық қызметкерлер әр сағат сайын вокзалдардың ішін хлор қосылған ерітіндімен жуып шығады. Ал мекеме қызметкерлеріне медициналық маска, су өткізбейтін қолғаптар мен антисептиктер таратылған.
–25-ші науыздан бастап теміржол вокзалында санитарлық бақылау бекеттері ұйымдастырылған. Мәселен, 1 б санаты бойынша міндетті түрде 1 күн зертханалық сараптама алу үшін карантинге жатқызылады. Егер теріс нәтиже көрсетсе, 13 күн үйдегі карантинге жабылып, қаралатын болады,–дейді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекшісі Айнагүл Мусина.
Өңірде коронавирустың алдын-алу шараларына ерекше басымдық берілген. Әйтсе де, құзырлы органдар азаматтарды аса қажетті жағдайлар болмаса, мүмкіндігінше үйде болуларын сұрайды. Сонымен қатар, адам көп жиналатын жерге бармай, науқас адамдармен қарым-қатынасты барынша шектеген абзал.