Қоғам • 28 Наурыз, 2020

Ауылдағы жұрт әлі сенбейді

1848 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Құдықтың сыртындағының бәрі ақылды. Ауылдағы жұрт әлі де аты жаман індеттің байыбына барар емес. Мемлекет міндеттеген тапсырма қала сыртында қалыс қалып жатыр. Малын өріске айдап шыққан ағайынның екіден бірі саяси оқиғаға балайды. Ел ішіндегі дүрбелеңді биліктің бір қойылымы деп есептейтінін қайтесіз.

Ауылдағы жұрт әлі сенбейді

Айналған жау алмай қоймайды деуші еді үлкендер. Әуелі көршімізді артынан әлемді әлекке салған аурудың аз уақытта аяғымызға тұсау боларын кім біліпті?! Айналып өтіп кетер деп аузымызды ашып отыра бердік. Арты неге апарып соғарын аңдасақшы сонда. Енді, міне, соңымыздан қуған үрейден ентігімізді баса алмай қашып келеміз. Қоршауда қалған шаһар тұрғындарының бойын билеген қорқыныш босағадан ары аттап бастырмай отыр. Басы қатқан жұрттың басына түскен кеселдің өзінен бұрын аты жан тітіркендіреді. Бала ойыннан қағылды. Жігіт-желең сауықтан қол үзді. Боянып шығар бойжеткен жоқ. Қатары сиреген қарттардың да бір уақыт серуені пышақ кескендей тыйылды. Іші пысқан құдалы туысқандар әлеуметтік желінің әуеніне төңкерілген. Шәрінің шырайы кетті.

Тек табиғат қана мамыражай. Жаңа бір тынысы ашылғандай. Сайрандаған құс, ойнақтаған жануар. Бәрі-бәрі солар үшін жасалып жатқандай. Қала берді қала ортасын кезген аңдарды көргенде, Еуропаны ендігі етер амалын аңдисың. Азияның да жанды жеріне селебе сілтеген сырқат сыр алдырмай келеді. Бұл вирус - қойды бөрліктірген қасқырдай қатулы.

Ал ауыл бәз-баяғы қалпында. Жер сілкінсе де селт етпейтін сенімі күшті халықты оңайлықпен сескендіре алмайсың-ау! Заң - ортақ. Талап - бірдей. Десе де 30-40 адамға арналған шағын той-томалағы тыйылмай тұр. "Ол пәлекетің ауыл-аймаққа келе қоймас" деп ішінен тон пішеді. Дастарқаны жиналмайтын жұртымыздың әдетіне жоримыз-ау мұнысын. Әйтсе де осы сәтте бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, Үкіметтің қаулысына құлақ асқанымыз әлдеқайда абзал. Азан-қазан басылған соң құдайы тамақтың да кезегі келер. Батпандап кірген ауру, мысқылдап шығатынын ескерсек, біздікі не талтаң? Осы бір қысылтаяң шақта қыдырмай, қызық қумай, шаңырағыңның түтінін түтетіп отырғанға не жетсін!?