Ұрлық жайлы полицияға шіркеу басшысы хабар беріпті. Дін қызметшісінің айтуынша, белгісіз біреулер шіркеудегі икона дүкенінің ғимаратына кіріп, қайырымдылыққа арналған жәшіктерден жиналған ақшаны алып кеткен.
Аудандық полиция бөлімінің инспекторы Абзал Құрманов пен ШҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктілерді құрықтады. Ұрлық жасағандар 42 және 79 жастағы ер адамдар екен. Екеуі де бұрын сотты болған.
Шіркеуге ұрлыққа түсуді алдын ала бірге жоспарлаған. Біреуі кешкі уақытта икона дүкенінің шатырының астына жасырынып алады. Шіркеу қызметкерлері кеткеннен кейін ол ғимараттың ішіне кіріп, қайырымдылық жәшігінің құлпын бұзады. Қаражатты алған соң терезе арқылы қашып кеткен. Ал оның сыбайласы біреу келіп қалған жағдайда ескерту үшін көшеде күзетте тұрған екен.
Ұрыларға қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.