Бұл ретте ең алдымен өңірдегі 402 мектепте 151 000-ға жуық оқушы бар екенін айтқан жөн. Әуелі бұл шіркінді бастау қиын дегендей жаңа істің басы-қасында жүргендер оны шалғай аудандар мен ауылдардағы интернет желісінің жай-күйімен танысудан бастап отыр. Сонымен бір мезгілде облыстық білім басқармасына оқушылардың компьютер смартфондармен қаншалықты деңгейде қамтылғаны жөніндегі деректер жинақталу үстінде. Соған сәйкес тиісті сараптамалар жасалмақ. Бұл жөнінде «Egemen.kz» тілшісіне Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова айтып берді.
Сондай-ақ оның мәлімдеуінше интернет желісі жоқ ауылдың балаларын қашықтықтан оқыту үшін «Балапан» және «Еларна» телеарналары арқылы бейнесабақтар өткізілмек. Қазір облыста мемлекеттік стандарт талаптары мен оқу бағдарламасына сай телесабақтардың арнайы түсірілімі жүргізілуде. Іс-жоспар кешені шеңберінде 2000-нан астам бейне сабақ әзірленбек. Қазірдің өзінде оның 200-ден астамы әзір екен. Бейнесабақтар барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептері мен еліміздің ең білікті педагог-ұстаздары сабақ беретіні белгілі болып отыр. Мұны жаңа жүйенің өзіндік бір өзгешелігі мен артықшылығы деуге болады. Сонымен бірге бұл интернет желісі жоқ ауылдың балалары үшін қолға алынған таптырмас мүмкіндік екені де хақ.
Бүгінде облыста әр сыныптың бес күндік оқу жоспарына сай сабақ кестелері жасалған. Оның әдістемелік нұсқалары ҚР Білім және Ғылым министрлігінің арнайы сараптамасынан өткізілген. Өңірдің Әйтеке би, Қобда, Қарғалы және Мәртөк аудандарының бірқатар аумақтары Ресеймен шекаралас орналасқан. Сондықтан бұл елді-мекендерде «Балапан» және «Еларна» телеарналары көрсетілмейді. Мұндағы тұрғындар тек Ресей телеарналарын ғана көреді. Сондықтан да аталған ауылдарда тез арада «Отау ТВ-ны» қондыру көзделген.
Сонымен бірге облыста әдіскерлер мен педагогтар үшін де арнайы онлайн телекурстар мен вебинар әзірленген. Қазіргі күні облыстық білім басқармасы жанындағы ғылыми-әдістемелік орталықтың мамандары арнайы курс дәрістерін жүргізуде. Мұндағы басты мақсат –қашықтықтан оқыту технологиясына қатысты мәселелерді ұйымдастыруды түсіндіру болып отыр.