Аймақтар • 28 Наурыз, 2020

Іле ауданының кәсіпкерлері 3000 отбасын тегін азық-түлікпен қамтымақ

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы, Іле ауданының іскер азаматтары «Біз біргеміз!» акциясы аясында ауылдарға көмек қолын созуда. Қайырымдылық шарасына алғашқы болып үн қатқан «Арказ Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3000 отбасына азық-түлік салынған қорап табыстады.

Іле ауданының кәсіпкерлері 3000 отбасын тегін азық-түлікпен қамтымақ

Азық-түлік жеткізу аудан орталығындағы Энергетик округінен басталып, Байсерке, Жетіген, Қараой, Ащыбұлақ, Междуреченск, КазЦИК, Чапай, Күрті, Боралдай округтерінде жалғасты. Қажетті азық-түлік ауылдарда тұратын мұқтаж отбасыларға таратылуда. Заттарды тасып, жеткізуге аудандық жастар ресурстық орталығының белсенділері мен тоғыз округте тұратын ерікті жастар жұмылып жатыр.

- Бір шаңырақта жеті адамбыз. Мына қысылтаяң уақытта қайырымды адамдар берген азық-түлік әулетімізге дер кезінде жеткен көмек болды. Қаржы тапшылығы болып, қажетті ұн-майымызды сатып ала алмай, абдырап қалып едік. Енді міне, осы азықпен бала-шағама кем дегенде бір апта ыстық тамақ әзірлейтінім анық. Осындай күн туған сәтте көңіл бөліп, жағдайымызды сұрап, ескеріп жатқан аудан басшыларына шынайы алғысымды айтамын, - дейді Ащыбұлақ ауылдық округінің тұрғыны ағынан жарылған Гүлмира Жақыпова.

Осы Ащыбұлақ окруінде көп балалы отбасылар мен әлеуметтік жағына наз қамтылған әулет санатындағы Е. Мысекеев пен Т. Ермековалардың үйіне де тиесілі көмек еріктілер қолымен табысталды. Сондай-ақ, акция аясында мәдениет саласы қызметкерлерінің бастамасымен 500 дана көп қолданбалы бетперде тігіліп, азық-түлікпен бірге отбасыларға таратылды. Тұрғындарға коронавирустан қалай қорғану керектігі жайлы, тазалықты қатаң сақтап, үйде болуларын, қоғамдық орындарға уақытша жоламау керектігі де ескертіліп, үгіт-насихат жүргізілуде.

Аудандық әкімшіліктің ұйытқы болуымен қайырымдылық шарасы алдағы уақытта да жалғасын таппақшы. Жергілікті кәсіпкерлер де гуманитарлық көмек көрсетуге ынталы. Олар тағы да 3000 отбасына азық-түлікпен қатар гигиеналық қажеттілік және жеке қолданысқа арналған заттарды үлестіруді жоспарлап отыр екен.

 

Алматы облысы