28 Тамыз, 2013

Клондау – қазақ табиғатына жат құбылыс

11041 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Тірі ағзаның белгілі бір элементін пайдалана отырып, оны тура сондай етіп, көбейтіп шығару үдерісін клондау дейді. Алғашында микробиология және селекция ғылымында пайда болған клондау жұмысы бірте-бірте қанатын кеңге жая бастады. Жан-жануарларға жасалған тәжірибе жұмысы сәтті шыққан соң ғалымдар соңғы кездері адам баласын клондауға талпыныс жасауда.

клонирование-2

Тірі ағзаның белгілі бір элементін пайдалана отырып, оны тура сондай етіп, көбейтіп шығару үдерісін клондау дейді. Алғашында микробиология және селекция ғылымында пайда болған клондау жұмысы бірте-бірте қанатын кеңге жая бастады. Жан-жануарларға жасалған тәжірибе жұмысы сәтті шыққан соң ғалымдар соңғы кездері адам баласын клондауға талпыныс жасауда.

Адамды клондау дегеніміз – бір адамның дене жасушасының ядросын пайдалану арқылы тап сол кісіден аумайтын екінші бір адам жасап шығару. Бұл ретте қолдан жасалған адам табиғи адамның тірі көшірмесі болуы керек. Яғни клон адамның бет-әлпеті, мінез-құлқы, дене құрылысы, тіпті ақыл-ойы мен ерекше қасиеттеріне дейін өзінің пайда болуына мүмкіндік берген табиғи адамнан айнымайтын болуы тиіс. Осы жұмыс­пен айналысып жүрген бір топ ғалымдар өмірде ерекше жаратылған адамдарды жоғалтпауға немесе біреудің жалғызының орнын толтыруға, тіпті, баласы жоқтарға сәби сүюге мүмкіндік беретін клондау әдісін қажет деп есептеп, бұл тәсілді одан әрі зерттеп, дамытқанды жөн көреді. Ал, ғалымдардың екінші тобы қолдан жасалған адамдардың көбеюі қоғамның қалыпты дамуына кедергі келтіруі мүмкін деген пікірлерін алға тартып, адамдарды клондау әдісіне қарсы шығуда.

Шындығына келгенде, адам­дарды клондау әдісі әлі жете зерттелмеген. Бұған жасанды адамдар тобының пайда болуына қарсылық білдірген ғалымдардың дәлелді пікірі себеп болып отыр. Дегенмен, адамдарды қолдан жасаудың бірнеше жолы бар екен. Соның бірі, әрі бірегейі – тірі жасушаның ядросынан алынған ДНК-ны әйелдің жұмыртқа жасушасына енгізу арқылы эмбрион жасау. Пайда болған эмбрионды жатырға енгізген соң жасанды баланың іштегі даму кезеңі басталады. Бұл өте күрделі процесс, сон­­дықтан бұл жұмыс ерекше сақтықты талап етеді. Жасанды адам жасау әдісін жетілдіру жұмысымен айналысып жүрген италиялық ғалым Северино Антинори ережеге сәйкес істелсе, бұл жобаның нәтижелі боларына сенімді. Осы әдісті қолдану арқылы ғалым бұдан бірнеше жыл бұрын 62 жастағы әйелдің бала көтеруіне себепші болған. Аталған жоба­мен жұмыс істеуге өз елін­де тыйым салынғанына қарамастан, Антинори ретін тауып жұмысын одан әрі жалғастыруда. Ғалым сәби сүйгісі келетін 5000 жұптың өзіне сенім артып, бақтарын сынауға келісім бергенін мәлімдей отырып, бүгінгі таңда жобаға қатысушы үш әйелдің аяғы ауыр екенін айтты. Оның айтуынша, үшеудің екеуі Ресей азаматшалары да, біреуі мұсылман елінің ханымы болса керек. Аталмыш жобаның адам баласына тек қана қуаныш сыйлайтынын ұтымды пікірлерімен дәлелдеген ға­лым көп ұзамай бұл жұмы­сының қоғам тарапынан қол­дау табатынына сенеді.

БІРІККЕН ҰЛТТАР ҰЙЫМЫ ТЫЙЫМ САЛДЫ

Жасанды адам жасау жо­ба­сына АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Ұлы­британия, Бразилия, Бель­гия, Италия, Испания се­кіл­ді әлемнің көптеген ел­дері қарсылық білдіріп, бұл іске тыйым салатын арнайы заң да қабылдады. Адам баласын клондау ісін қылмыс деп санайтын атал­мыш елдер мұндай жұмыспен айналысқан адам­­ды қылмыстық жауап­­­кер­шілікке тартады екен. Мысалы, АҚШ-да мұндай іспен шұғылданғандар 10 жылға бас бостандығынан айырылғанымен тұрмай, оған қоса 1000000 доллар көлемінде айып­пұл тө­лейтін көрінеді. Адамды қолдан жасаушыларға Ұлы­британияда да кешірім жоқ, көзге түскен жағдайда клон­дау­шыларды 10 жылдық түрме азабы күтіп тұр. Көрші Ресей елінде де клондау ісі қолдау таппады. Мұндай жұмысқа 2002 жылы бес жылға тыйым салған ресейліктер биыл бұл мерзімді тағы созды. Көршілер клондау жұмысы әлі толық зерттелмеген, әрі мұндай түйінді мәселемен айналысудың әзірге қажеті жоқ деп есептейді. Біздің еліміз де адамды клондау мәселесіне қар­сылық білдірген мемлекеттер қатарында. Мәжіліс депутаттары былтыр желтоқсан айында адамды клондауға тыйым салу және суррогаттық аналыққа рұқсат беру жөніндегі заң жобасын қабылдап, оны Сенатқа жолдады. Мұндай қадамға бала көтеру қабілетінен айырылғандар тілегін ескеру негізінде амалсыз барып отырғандарын айтқан Денсаулық сақтау министрлігі аталмыш әдіс арқылы сәби сүйгісі келгендердің міндетті түр­де дәрігерлік тексеруден өтуі тиіс екендігін ескертті. Ереже бойынша, суррогат ана болуға шешім қабылдаған әйелдің өзінің туған балалары болуы тиіс. Және оның денсаулығы мықты, жасы 35-тен аспауы керек. Денсаулық сақтау вице-министрі Сәуле Ди­қан­баеваның мәлімдеуінше, қолдан ұрықтандыру жұмысына кем дегенде екі мың АҚШ доллары қажет. Мұндай қаржыны екінің бірі таба алмайтынын жеткізген вице-министр Үкі­меттен материалдық қаржы сұрау үшін құқықтық құжат қажет дегенді айтты. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша қолдан ұрықтандыру әдісі бойынша елімізде қазірдің өзінде 500 операция жасалған. Бұның сыртында суррогат-аналарды пайдалану арқылы жасалған операциялар да бар, бірақ, олардың нақты саны белгісіз. Себебі, мұндай жұмыстар жөніндегі мәлі­меттер ережеге сәйкес құпия сақталады.

2005 жылдың 19 ақпанында Біріккен Ұлттар Ұйымы клон­дау­дың барлық түріне тыйым салған заң актілерін қабылдады.

ЖАСАНДЫ АДАМДАРДЫҢ ЗИЯНЫ

Жасанды адам жасауға қар­сылық білдірушілер мынандай бірнеше пікірді алға тартады. Олардың ойынша, біріншіден, өте көп қаржыны талап ететін клондаудың әзірге қажеті жоқ. Екіншіден, клондау әдісі арқылы пайда болған адам барлық жағы­нан осал болатын көрінеді. Ден­саулығы нашар, ойлау қабілеті кем адамдарды қаптатып не керегі бар деген ғалымдар тобы клон адамдардың көп жағдайда ұсқынсыз боп туатынын айтады. Үшіншіден, олар табиғи адамдарға қарағанда өте ерте қартаяды екен. Ғалымдар клон адамдардың 30 жасында ақсақал болып отыруы мүмкін деген болжам айтады. Төртіншіден, бір адамды жасап шығару үшін онымен бірге дамып келе жатқан өзге эмбриондарды өлтіру керек. Ал, бұл қылмыс емес пе? Бесіншіден, клон адамдардың пайда болуы қылмыс әлемін де талай былыққа батыруы мүмкін. Сондай-ақ, қолдан жасалған тасбауыр адамдардың елдің шырқын бұзатын әрекеттерге барулары да ғажап емес. Мысалы, соғыс аңсаған кей мемлекеттер клон-адамдарды көбейтіп, «соғыс ойынын» ұйымдастыруы да мүмкін ғой. Міне, осы болжамдарға байланысты әлемнің көптеген елі клондау ісін дамытуға қарсылық білдіруде.

АЛ, ПАЙДАСЫ ҚАНДАЙ?

Адам баласын клондау мәсе­лесі жөніндегі ғалымдардың жасаған жағымсыз болжамдарын Северино Антинори жоққа шығарады. Ол өзінің жобасы қоғамға тек жақсылық әкеледі деп сендіруде. «Құдайдан бала сұрап, жылап жүргендерге өзінен аумайтын сәби сыйлауды жоспарлайтын жобаның жаман болуы мүмкін емес», дейді ол. Бұл жобаның шөл­мектегі ұрықтандырудан айыр­машылығы сол, тапсырыспен жасалатын баланың негізі – сол адамның ядросынан алынған ДНК. Және одан пайда болған эмбрион шөлмек ыдыста емес, кәдімгі әйелдің жатырында өсіп, жетіледі. Оның айтуынша, егер осы әдісті одан әрі дамытып, жетілдірсе, адам баласы тамаша жетістіктерге қол жеткізетін көрінеді. Атал­мыш әдісті жетілдіру арқылы ерек­ше жаратылған адамдарды бойындағы қасиетін сақтай отырып, қайталап жасап шығаруға болады. Сүйікті адамынан айырылған адамдар оларды қайталап жасату арқылы қайғысын басуға мүмкіндік алады. Ғалым жоба­сының пайдалы екендігін дәлелдей отырып, оны қоғамның қашан болса да қабылдайтынына сенеді.

Жасанды адам жасауға қар­­сылық білдірген отандас ғалым­дардың пікіріне қарама-қайшы ой тастаған ресейлік белгілі саясаткер Владимир Жириновский клондауды қа­жет деп есептейді. Ол клон адам­дардың пайда болуы ел эконо­микасының дамуы мен демографиялық мәселені шешуде де оң әсерін тигізеді деген пікірін ашық жеткізуде.

ДӘРІГЕРЛЕР МЕН ДІН ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Қоғамда үлкен талас туғызып отырған жасанды адам жасау мәселесіне біздің жерлес дәрігерлеріміз бен дін өкілдері не дейді екен, енді сол кісілердің пікірін тыңдап көрелік.

Смайылбек қажы Сейіт­беков, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Діни оқу ағарту бөлімінің меңгерушісі:

– Адамды қолдан жасау дегеніңіз – Құдайға қарсы шық­қанмен бірдей.