Аймақтар • 29 Наурыз, 2020

Шығыс Қазақстан: Төтенше жағдай режимін бұзғандар жазаланды

749 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

15 адам жауапкершілікке тартылып, 5 адамға айыппұл салынып, 10 адам қамауға алынды.

Шығыс Қазақстан: Төтенше жағдай режимін бұзғандар жазаланды

Құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар жүргізіп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстарына қарамастан, жекелеген азаматтар төтенше жағдай және карантин режиміндегі тыйымдар мен шектеулер талаптарын бұзуын жалғастыруда. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

«Өскемен қаласында кезекті құқық бұзушылар ұсталынды. Олар мейрамхана мен лотерея клубының иелері. Аталмыш әкімшілік істердің деректері бойынша олар төтенше жағдай режиміне қарамастан сағат 22:00-ден кейін жұмыс істеген. Мамандандырылған әкімшілік соттың қаулысымен мейрамхана иесі 26510 теңге айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Клубтың иесі 7 тәулікке қамауға алынды» делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Сонымен қатар сот «Коронавирус белгілері бар азаматтар ауруханаға жатқызылды» деген жалған ақпарат таратқаны үшін Аягөз ауданының тұрғынын 5 тәулікке қамауға алыпты. Жалпы, осы уақытқа дейін облыста 26 әкімшілік іс қозғалып, 15 адам жауапкершілікке тартылып, 5 адамға айыппұл салынып, 10 адам қамауға алынған көрінеді.

«Төтенше жағдай жариялануына байланысты режимді бұзу немесе талаптарды орындамау 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алынуына әкеп соғатынын ескертеміз» дейді прокуратура қызметкерлері.

Шығыс Қазақстан облысы