Руханият • 29 Наурыз, 2020

Ұлттық танымның өзегі – тарихи сана

850 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жеке тұлға өткені мен өмір сүріп отырған қоғамындағы болып жатқан оқиғаларға дұрыс баға беріп, оң-терісін пайымдау үшін оның  озық тарихи санасы болуы қажет.  Ғалым-оқымыстылар «тарихи сана» дегенді – әрбір жеке адам, тұтас ұрпақтың тарихын сезінуі, өзінің шыққан тегін, өлкесін, халқын, нәсілін, оның рухани түп-тамырларын, өткен өмір жолын танып-білуі, сол арқылы патриоттық сана-сезімінің оянуы деп түсіндіреді.

Ұлттық танымның өзегі – тарихи сана

Расында қоғамда тарихи сана дұрыс қалыптаспай ұлттық сананың жаңғыруы мүмкін емес. Өйткені, ұлттық танымның өзегі – тарихи сана. Ал тарихи сананының қалыптасуына  – ақиқатты арқау еткен шынайы тарих пен халықтың байырғы қайнарынан суарылған салт-дәстүрдің алтын арқауына байланған руханияттың рөлі зор.    

Өткен замандарға көз жіберсек: тарихи санасы жансызданған  этностың белгісі – өзінің даму үрдісіндегі ақиқи болмысын парықтау қабілетінен айырылып,  асылын бағалай алмайтын, басқаның жасыған малданатын, санасы қортық, өзін басқадан кем санайтын, кембағал түсінік т.б. сияқты сипаттары болады екен.

Бұндай сипат ұзақ жыл отаршылық заманды басыннан өткерген қазақ халқының да бойынан табылары анық. Мысалы, Ресейдің Ағарту министрлігі 1870 жылы «Ресейде тұратын жатжұрттықтарды орыстандыру шаралары» атты құжат қабылдап, бұратана халықтардың тарихи санасын әлсірету үшін арнайы  шаралар қарастырған. Осы сала бойынша ұзақ жыл зерттеу жүргізген ғалымдардың бірі академик Манаш Қозыбаев: «Бодан болған елдің санасын тұсап, рухани құлдыққа қарай икемдеу үшін қолданылатын ең төте тәсіл – халықты өз тарихи санасынан айыру. Бұл үрдіс 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін де жалғасып, жаңадан орнаған кеңестік идеологияның басты құралы болды. Мысалы, Кеңес үкіметі құрылған алғашқы  жылдары  одақ бойынша барлығы 194 ұлт пен ұлыс өмір сүрген болса, 1991 жылы одақ құлағанда осылардың 50 пайызы тарихи санасын жоғалтқандықтан ұлт ретінде жойылып кетті» дейді.  

Жоғарыдағы этностардың тарихи санасының жойылып кетуіне негізгі себеп – олардың ұлттық таным-түсінігіне қайшы методологиялық әдістердің  өмір шындығы ретінде түсіндірілуі. Дәлірек айтқанда, тарихи обьективті шындық империялық саясаттың ығына қарай бұрмаланып, нәтижесінде ұсақ ұлттар өз тарихын жатсынуға, өзінің өткенінен жиренуге әкеліп соқтырды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңару» атты бағдарламалы мақаласында: «Ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды» деп отарлаушылар тарапынан  ұлт руханиятына күштеп таңылған сорақылықты айқын ескерте келе, одан құтылудың сара жолы –  өзіміздің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани кодымызды сақтай отырып, қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес. Ол үшін әуелі рухани кодтың өзегі – тарихи сана екенін ұмытпауымыз керек» дейді.

Елбасы бұл пікірін – қазіргі заманды уақыт тұрғысынан толық бағамдап,  болашақты ойлап, келешекті толғау арқылы, түбегейлі зерделеп барып айтып отыр. Өйткені, бір қоғам, бір ел, бір ұлыста – ұлттық тарихи санасы қалыптасқан топ пен мәңгүртік пиғылдағы қауымының қатар өмір сүруі болашақта –  елдіктің ыдырауы мен ортаның жікшілденуіне әкеліп соқтырады.

Сондықтан болашақта қазақ қоғамын сауықтырудың жолы кемелденген тарихи сананы қалыптастыру арқылы барлық  қазақстандық бір мақсат пен ортақ мүддеге жұмыла қызмет істеу екені түсінікті. Осы орайда, үнді жұртының көсемі Рабиндранат Тагордың  «әрбір халық әлем қауымдастығы алдында өзінің басқаға ұқсамайтын ерекше ұлттық болмысымен дараланып тұрмай, басқаның қаңсыған қадір тұтса, ол халық жойылуға бет бұрған, қасірет жолындағы ұлт» дегенін де ұмытуға болмайды.