Аталған мектепке ақтөбелік IT мамандары радиобайланыс жүйесін пилоттық жоба ретінде енгізген. Радиобайланыс жүйесі интернеті жоқ ауылды елдімекендер үшін таптырмас құрал болып отыр.
Еліміз бойынша алғаш жүзеге асырылған пилоттық жүйе оқушылардың қашықтықтан білім алуына мүмкіндік береді. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин радиобайланыс арқылы оқушылармен тілдесіп, байланыстың сапалылығына көз жеткізіп көрді. «Балалар, сіздер 6-сәуірден бастап қашықтан оқуды бастайсыздар. Сіздердің сапалы білім алуларыңыз үшін біз бар мүмкіндікті жасаймыз. Елімізде қандай жағдай болмасын жастар біздің болашағымыз екенін ұмытпаймыз»,-деген өңір басшысы балаларға Covid-19 індетіне байланысты қашықтан білім алуға тура келетіндігін түсіндірді.
Аудан әкімі Мамырғали Аққағазов қазірде аудандағы Болгарка, Сарықобда, Амангелді, Қарабұлақ мектептеріне осы байланыстың аса қажетті екендігін жеткізді. Облыс әкімі IT мамандарға білім басқармасымен біріге отырып, облыс бойынша мұндай радиобайланыстың қанша ауылға қажеттілігін анықтауды тапсырды.