Аймақтар • 29 Наурыз, 2020

«Әкелер ертегі оқиды» акциясы басталды

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аталған акцияға Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Северное ауылы жалпыорта білім беру мектебі жанындағы мини-орталық тәрбиешісі Айгүл Жүсіпова мұрындық болған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

«Әкелер ертегі оқиды» акциясы басталды

Оның сөзіне қарағанда, іс-шара балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастырып, өскелең ұрпаққа рухани тәрбие беруді көздейді. - Мақсатымыз - отбасы мүшелерінің барлығын ертегі оқуға баулу, отағаларына басты рөл беру арқылы отбасылық құндылықтарды насихаттау, - дейді Айгүл Жүсіпова.

- Ертегі оқып шыққан отбасы шағын бейнеролик түсіріп, оны мессенджерлердегі топқа орналастыруы шарт. Топтың өзге мүшелері роликті тамашалап, баға береді. Тәрбиешінің айтуынша, осы арқылы балалар мен отбасылар арасындағы бәсеке сезімі пайда болатыны пайдалы. Оған қоса мұнда рухани тәрбие төңірегіндегі бірқатар мәселелер өздігімен шешіледі. - Бастамамыз балалардың мәжбүрлі түрде мәдени-ойын сауық іс-шараларынан айырылған кезінде маңызды. Коронавирус пандемиясына байланысты қазір балалардың демалысын ұтымды ұйымдастыру, отбасылық тәрбиені қолға алудың нағыз кезі, - дейді Айгүл Жүсіпова.

Айта кетейік, Ертіс ауданының педагогтары ойлап тапқан акциясы көршілес Ресей балалар бақшалары тәрбиешілерін қызықтырған. Осыған орай, жерлестеріміз солтүстік көршілерге арнап арнайы семинар өткізіп үлгерген.