Аймақтар • 29 Наурыз, 2020

Ұлттық кинодағы карантин

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақыттағы орын алып жатқан төтенше жағдай елдің мәдени һәм рухани өміріне айтарлықтай өзгеріс алып келді. Көптеген ауқымды іс-шаралар кейінге шегерілсе, бірталайы онлайн режімде өтіп жатыр. Осы бір дүрбелең шақта Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының бүгінгі тіршілік-тынысын аңдап көрдік.

Ұлттық кинодағы карантин

Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жарияланған карантин кезеңінде Кино орталығы командасы қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне ауысып, жоспарланған кездесулер мен мәжілістер әдеттегі кестемен, бірақ онлайн режімде өткізілуде. Ал Наурыз айындағы ең басты оқиға – онлайн режімінде өткізілген киножобалардың екінші питчингі болды. Сарапшылар кеңесі оған дейінгі 4 ай ішінде 223 өтінімді қараған. Іріктелген жобалар Ведомствоаралық комиссияға жіберіліп, комиссия мемлекет тарапынан қаржыландыруға үміткер фильмдердің ең соңғы тізімін бекітеді.

70-ші Берлин кинофестиваліне қатысып, Kazakh Сinema стенді алғаш рет көрмеге қойған Кино орталығы еліміздің кино өнерін беделді деген кино форумдары мен кино алаңдарына шығаруды жоспарлаған. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты карантин жариялануы салдарынан жуырда өткізілуі керек болған кинофестивальдер кейінге қалдырылды. Қазақстан бірнеше кино жобасын ұсынған Канн фестивалі де жоспарланған уақытында өткізілмейтіні белгілі болып отыр.

Сонымен қатар коронавирус пандемиясы мен Қазақстанда енгізілген ТЖ тәртібіне байланысты Кино орталығы қаржыландырып отырған бірқатар фильмдерді түсіру уақытша тоқтатылды. Олардың қатарында Қанағат Мұстафиннің «Кажымукан», Ақан Сатаевтың «Боксёр» және Эмир Байғазиннің «Выбор» фильмдері бар.

Бүгінгі карантин кезінде Кино орталығының бастамасымен «КТК» телеарнасында наурыздың 28-інен бастап «Үйдегі сеанс» марафоны басталды. Әр демалыс сайын эфирде соңғы 15 жыл ішінде түсірілген қазақстандық кинофильмдер көрсетілетін болады. Сондай-ақ, онлайн-кинотеатрлар мен киноплатформалар қазақстандық фильмдердің арнайы топтамасын ұсынып отыр. Сонымен, қазіргі үйде өткізіп жатқан демалысымыз – отандық кинематографияға баға беретін кезең болсын.