Аймақтар • 29 Наурыз, 2020

Батыс Қазақстанда провизорлық стационарда 65 адам жатыр

306 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетін жұқтырған алғашқы оқиға тіркелді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қайыпов пен облыстың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев шұғыл брифинг өткізіп, мәселенің мән-жайын баяндады.

Батыс Қазақстанда провизорлық стационарда 65 адам жатыр

Ауру жұқтырған әйелдің бірі Орал қаласында тұрады, 47 жаста, 28 наурыз күні Атырау қаласынан келген. Ал ақсайлық 53 жастағы әйел 24 наурыз күні Ресейдің Саратов қаласынан келген екен.

- Инфекция жұқтырған екі адам да ауруды сырттан алып келген. 24 наурызда Ресейден келген әйелді сол күні-ақ оқшаулап, бақылауға алған болатынбыз. Қазір екі науқастың да жағдайы жақсы, ауруханаға жатқызылды. Олармен қарым-қатынаста болған адамдарды да анықтап, провизорлық госпитальға оқшауладық. Эпидемиологтар науқастардың үйіне дезинфекциялық шараларын жасады, - деді Мұхамғали Арыспаев.

Осы оқиғадан кейін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев әлеуметтік желі арқылы облыс тұрғындарын тыныштандырып, инфекция және экономикалық тақырыпта туындаған кез келген мәселеге байланысты сауалдарға жауап беретінін айтты.

Дәл қазір Батыс Қазақстан облысында провизорлық стационарда 65 адам бақылауда.

 

Батыс Қазақстан