Саясат • 30 Наурыз, 2020

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін жандандыруға бола ма?

1121 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Парламенттік тыңдауларға дайын­дық барысында Үкімет өкілдерімен өт­кізген кездесуде өзінің импортқа деген сүйіспеншілігін білдіре отырып, біздің жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің сапасы­ның төмендігін сынға алған министр­дің орынбасарына менің бір әріп­тесім: Соғыс басталып кетсе не істейміз? Әскери адамдарға не кигіземіз, халық пен армияны қалай асыраймыз? Оқ-дәрілерді, қару-жарақ пен әскери техниканы қайдан сатып аламыз? – деген «қарапайым» сұрақ қойды.

Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін жандандыруға бола ма?

Бұл сұрақ бәрімізді ойландырып тас­тады. Өйткені біз ондаған жылдар бойы бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүріп келеміз. Бәрі басқаша болуы мүмкін екені ешқашан ешкімнің қаперіне де келген емес... Коронавирус пандемиясы планета адамдары үшін, бүкіл қаржы-экономикалық және әлеуметтік жүйе үшін үлкен сынақ болды. Карантиннің енгізілуі, шекаралардың жабылуы адамдар қозғалысының тоқтатылуына ғана емес, экономикалық байланыстардың құлдырауына әкеледі. Шетелден қажетті дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтар, қарапайым заттар мен азық-түліктерді тез сатып алуға болады деген үміттер үзілді.

Ең қарапайым зат – медициналық мас­калар – нөмірі бірінші тапшы тауарға айналды. Жеңіл өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындар аз бөлігінің өзі қысқа мерзімде бар күштерін маска шығаруға бағыттай алмайтындай жағдайда болып шықты. Тіпті өзіміздің дәке өндірісіміз де жоқ.

Қалыпты уақытта маскамен ойдағы­дай қамтамасыз етіп келген шағын кәсіп­орындар дағдарыс кезінде мәсе­лені шеше алмады.

Бұл ешқайда асықпай, көп нәрсені ойлану үшін жақсы уақыт. Ең бастысы, баршамыздың ғажап ортақ үйіміз – Қазақстанның қауіпсіздігі туралы, біздің өмір сүруге бейімділігіміз және кез келген дағдарысты жеңе білуіміз туралы ойланатын кезең.

4 наурызда Сенатта «Қазақстан­дағы жеңіл өнеркәсіп: қазіргі жағдайы және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перс­­пективалары» тақырыбында парла­менттік тыңдау өтті.

Депутаттар сала өкілдерінің, сарап­шылардың, ғалымдардың көмегімен осы саладағы жағдай туралы көлемді, объективті ақпарат алды. Тыңдаудан кейін екі апта уақыт өтпестен пандемия бәрімізді экономика құрылымындағы жеңіл өнеркәсіптің рөлі мен орнына, оны әртараптандыру жоспарларына жаңа көзқараспен қарауға мәжбүр етті.

Жеңіл өнеркәсіп ел азаматтарын қа­жетті тауарлармен қамтамасыз етіп қа­на қоймайды – бұл сонымен бір­ге әлеу­меттік маңызға ие сала. Ол ха­лық­ты жоғары деңгейде жұмыспен қам­та­масыз етіп келеді, әсіресе әйел­дерді. Бүгінгі таңда еліміздегі шағын және орта бизнестегі барлық белсен­ді субъектілердің 44%-ын әйелдер басқа­ра­ды. Осы сектордағы жұмыс орын­да­ры­ның 31%-ы соларға тиесілі. Жеңіл өнеркәсіптегі стартаптардың негізгі үлесі де дәл осы әйелдердің ен­ші­сінде. Солардың белсенділігінің арқа­сында ғана сала жанданып келеді.

Бізде бұл саланың тарихы қандай?

Қазақстан үшін жеңіл өнеркәсіп – дәс­түрлі сала. Қазақ КСР-і кезінде ол 14 са­ланы, 69 өнеркәсіптік кәсіпорын мен бір­лестікті қамтыды.

Бұл салада 1985 жылы 202,8 мың адам жұмыс істеді, 2000-нан астам өнім түрі шығарылды, республика өнді­рі­сінің жалпы көлеміндегі сала өнімі­нің үлесі – 15,2%-ды, ал КСРО жеңіл өнер­кәсібіндегі үлесі 4%-ды құрады.

1985 жылы сала кәсіпорындары 130 миллион шаршы метр мақта-мата өнім­дерін (2019 жылы 14 миллион шаршы метр); 22,6 миллион бірлік тоқыма сырт киім, 68 миллион бірлік тоқыма жабдығын (қазір шығарылатын өнім көлемінен 90 есе көп); 30,6 миллион аяқ киім (2019 жылы 1 миллион 270 мың); 74,7 миллион жұп шұлық (қазір 15-16 миллион) шығарды.

Біз 90-жылдары ұлттық жеңіл өнер­­кә­сібімізді іс жүзінде жоғалтып алдық. КСРО республикаларының эконо­­ми­калық байланыстары үзілді, өнер­кәсіптің шикізат базасы бұзылды, ашық шекаралар арқылы әкелінетін арзан тауарлар қаптап кетті, сондықтан бұл сала түбегейлі тоқырады.

Қазақстанда қазіргі уақытта 1071 же­ңіл өнеркәсіп кәсіпорыны жұмыс істейді, олардың небәрі 40-ы ірі және орта санатқа жатады (12 ірі және 28 орта). Яғни жеңіл өнеркәсіптің са­ла­­­лық кәсіпорны – тігін және аяқ киім фабрикасы емес, ателье немесе артель.

Жеңіл өнеркәсіптің кейбір ішкі салаларында бір ғана ірі немесе орта кәсіпорын бар.

Бұл ретте барлық кәсіпорындар қуат­тылығының орташа жүктемесі 26 пайыздан сәл ғана асады.

Саладағы қызметкерлер тізім бойынша 12 700 адам болса, ол шындығында – 9 300 адамды (бұл көрсеткіш кеңес уа­қытында 200 000 болған) құрайды.

Біз жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экс­портқа сатқаннан гөрі, 17 есе көп импорттаймыз.

 Ал басқа елдерде қалай?

КСРО ыдырағаннан кейін көп елдер­дің жеңіл өнеркәсібі қиын жағдайда қалды, олардың әрқайсысы бұл проблеманы өз бетінше шешті. Мәселен, Ресей ауқымды ішкі нарықтың артықшылығы мен протекционизм саясатын пайдаланды. Көлемді мемлекеттік тапсырыс­тың болуы шетелдік инвесторларды өндірісті тасы­малдауға ынталандырды және бірен-саран кеңестік өндіріс күштерін сақ­тап қалуға мүмкіндік берді.

Қырғызстанда бұл сала көптеген жыл­ бойы көлеңкеде – салықсыз, ке­ден­дік төлемдерсіз жұмыс істеп, аман қалды.

Теңдесі жоқ мемлекеттік қолдау мен өз шикізатының болуы, сондай-ақ жа­бық ішкі нарық Белоруссия мен Өзбек­стан­ның өндіріс саласын аман алып шықты.

Дегенмен әлемде жеңіл өнеркәсіп ең белсенді дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады.

Киім мен аяқ киім нарығының әлем­дік көлемі 1,7 триллион АҚШ долларын құрайды, бұл – Канаданың ішкі жалпы өнімінің көлемімен бірдей. Жыл сайын тауарларды қайта өндіру көлемі 210 миллиард долларды құрайды.

2019 жылы әлемдік тігін өнер­­кәсібі нарығының көлемі 961,5 мил­лиард АҚШ долларына бағаланды.

Дүние жүзінде бір жылда 150 миллиард киім-кешек түрі өндіріледі, яғни адам басына 20 киімнен келеді. Бұл ретте шығарылған киімнің 30%-ы мүлдем сатылмайды.

460 миллиард доллар – киюге жарамды болса да лақтырып тастайтын киімнің көлемі.

«Тұтыну философиясы» мен «жылдам өзгеретін сән» жүйесі саланың да­муын ынталандырып келеді. Бәсеке­лес­тік деңгейін бағалау үшін оған техно­ло­гиялардың даму қарқыны мен цифрлық коммерцияның дамуын қосыңыз.

Саланы дамытуға не кедергі?

Ең алдымен, өндірістің қым­бат­тығы. Біздің отандық кәсіпорындар за­манауи жабдықтар мен арзан жұмыс күшін пайдаланып отырған азиялық өндірушілермен бәсекелес болуға мәж­бүр. Сол себепті бізде өнім қымбат және қажетті мөлшерден әлдеқайда аз.

Қажетті жабдықтың жоқтығы. Кеңес­тік жабдықтардан басқасының бәрі им­порттық және олардың көбісінің то­зығы жеткен. Отандық кәсіпорын­дардағы жабдықтарды жаңарту коэф­фициенті жылына 3-4 пайызды құрай­ды және кредит қаражаты мен кәсіп­орынның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал шетелдік фирмаларда бұл көрсеткіш 15-17 пайызды құрайды және біразы мем­лекеттің инвестициялық қолдауына байланысты.

Шикізат тапшылығы. Елде іс жү­зінде синтетикалық материалдар өнді­рілмейді, отандық табиғи шикізат тап­шылығы да сезіліп отыр.

Мемлекеттік қолдау шара­лары­ның тиімділігі төмен. Жеңіл өнеркә­сіп кәсіпорындары айналым қаража­тының жетіспеушілігінен және өндірісті жаң­ғырту мен қайта құрылымдауға арналған инвестиция деңгейінің төмендігінен зардап шегіп отыр. Кәсіпорындар көбі­несе банктерден кредит ала алмайды. Екінші деңгейдегі банктер бизнес­тен түскен өтінімдерді қараған кезде кепіл мүлкін өте төмен мөлшерлеме бойын­ша бағалайды, келешектегі келісім­шарт­тарды кепіл мүлкі ретінде қарастыр­майды. Кредит алғаннан кейін кәсіп­орындар ғимаратты салып бітірмей, жаб­дықтарды алып келмей тұрып төлем төлеуді бастауға мәжбүр.

Көлеңкелі импорттың болуы кәсіп­керлердің барлық күш-жігерін жоққа шы­ғарады. Сапасының төмендігінен, салық пен баж төлемдерінің жоқтығынан  контрафакт заттар арза­ны­рақ.

Қазіргі кезде Қазақстанда жеңіл өнер­кәсіпке көбінесе ведомстволық мемле­кеттік тапсырыстар арқылы қолдау жасалып отыр, солардың есебі­нен кәсіп­орындар ептеп жұмысын жалғас­тыруда. Бірақ түрлі себептерге байланысты кәсіп­орындарға бұл технологиялық тұр­ғыдан дамуға, ассортиментті кеңейтуге және т.б. мүмкіндік бермейді.

Мемлекеттік сатып алуға алыпсатар­лар көп қатысады. Тапсырыс беруші тө­мен бағаға қызығып, сапасыз импорт­тық тауар алады. Нәтижесінде, бюджет қара­жаты елден шығарылып, басқа елдердің эко­номикасын дамытуға демеуші болады.

Бүгінгі күні жеңіл өнеркәсіп кәсіп­орындарының көпшілігі үлкен тапсырыстарды орындауға дайын емес және тауарлардың көп түрлерін шығаруға көше алмайды, өнім түрлерінің қатарын жылына бірнеше рет маусым сайын өзгертуге қауқарсыз.

Кәсіпорындар ірі көлемде шикізат (маталар, фурнитура және т.б.) сатып ала алмайды, себебі оларда үлкен тапсырыстар жоқ. Осыдан келіп жоғары баға пайда болады, өйткені тапсырыс көлемі шағын, ал жеңілдіктер аз. Осы тұ­йық­талған шеңберді жарып шығу керек.

Өткізу мәселелері. Сату көле­мі бойынша шағын кәсіпорындар ба­сымдыққа ие, олар бөлшек сауданың 72,7 пайызын қамтиды. Жеңіл өнер­кәсіп өнім­дері монобрендтік желілік дүкендерде немесе желілік емес шағын дүкендерде сатылады. Өндірушіге көптеген ұсақ та­уар сатушылармен келісуге тура келе­ді, ал бұл басқаруға, маркетинг пен жар­намаға көп шығын кетеді деген сөз.

Тауар өткізушілер жарнамаға көп қаржы жұмсайтын және сапасына ке­пілдік беретін белгілі шетелдік бренд­терді таңдайды. Сонымен бірге олар сау­да алаңдарын жалға алу үшін шетелден мемлекеттік қолдау алады.

Жол картасы осыдан тура бір жыл бұрын қабылданды. Үкіметтің есе­бінде көрсетілгендей барлық іс-шаралар атқарылған. Алайда бұл құжат жеңіл өнеркәсіптің алдында тұрған проблемаларды кешенді түрде шешпейді.

Ол өрт қызметін атқаратын сияқты. Бір жердің өртін басса, басқа жерде өршітіп жібереді. Мәселен, БАҚ ақпа­раттарына сәйкес, Қазақстан Респуб­ликасының аумағынан автомобиль көлі­гімен ірі қара мал терісін шығаруға 5 жылға дейінгі уақытқа тыйым салу тері жинаумен айналысатын кейбір кәсіп­керлердің кедейленуіне және малшы­лардың шығындалуына алып келген. Бұл ретте шикізатты сатып алатын және осы шараның енгізілуіне мүд­делі кәсіпорындар үшін талаптар нақты жазылмаған. Нәтижесінде, өнім беру­шілердің тығырыққа тірелген жағдайын пайдаланып, олар сатып алу бағасын төмендетіп жіберген.

Біздің осы саланың өкілдерімен өт­кізген кездесулеріміз проблемалардың өте көп екендігін көрсетеді және олардың көпшілігі стратегиялық сипатқа ие.

Сонда біз нәтижесін көрмесек те әртүрлі бағдарламалар мен жол карталарын жаңадан қабылдай береміз, бірақ саланы дамытудың ұзақ мерзімді келешегі туралы ешқандай көзқарасымыз жоқ.

Бүгінгі таңда ұлттық жеңіл өнер­кәсіпті дамытудың маңыздылығы мен импортқа тәуелділіктің үлкен қауіптері туралы сұрақтар күмән тудырмайды.

Барлық нарықтар мен секторлардағы бәсекелестікке қарамастан, бізде бар артықшылықтарды пайдалану қажет:

Біріншіден, Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің өсу әлеуеті жоғары, ол тұтыну тауарларының нарығынан тұ­ратын жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі нарығының сыйымдылығымен айқын­далады. Ол тұтыну тауарлары нары­ғынан тұрады (адам басына орташа жылдық шығын 350 мың теңге және халық саны 18,3 млн адам болса нарық сыйымдылығы 6,4 трлн теңгені құ­райды). Сонымен қатар бюджет қа­ражаты есебінен сатып алынатын өнімдердің ауқымды нарығы бар.

Екіншіден, біз соңғы жылдары көп айтып жүрген әртараптандыру бұл­тартпас шындыққа айналды. Қазақстан үшін өңдеу салаларын дамыту – баламасыз құрал. Бұл жеңіл өнеркәсіпке де қатысты. Салаға белсенді күш салуды неғұрлым кеш бастасақ, кейін қуып жету соғұрлым қиынға соғады.

Үшіншіден, жеңіл өнеркәсіп еңбек ресурстарына деген ұзақ мерзімді және дұрыс болжанған сұранысты қалыптастырады. Сонымен қатар жұмыспен қамтуды арттыру тұрғысынан алғанда оның дамуына байланысты басқа да бірқатар салаларға қосымша мультипликативті әсер береді. Әсіресе бұл әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтуға қатысты.

Төртіншіден, Қазақстанда отандық шикізат базасын аграрлық кешенге, әсіресе мал шаруашылығына сүйене отырып ілгері дамыту үшін жағдай бар. Себебі тек жайылымдардың көлемі бо­йынша біз әлемде 5-орындамыз.

 Стратегияға көзқарас

Сенаторлар атқарған жұмыстар, ин­дустриядағы және аралас салалардың жағдайына жүргізілген талдау, өнім өн­ді­рушілер, кәсіпкерлермен өткізілген кез­­десулер нәтижесінде саланы дамы­ту­дың ұзақ мерзімді мемлекеттік бағ­дар­ламасы қажет екеніне көз жеткізіп отырмын.

Ол саладағы жағдайға егжей-тег­жейлі талдау жүргізіп, макроэко­но­ми­ка­лық есеп­теулердің негізінде қабыл­данып, ауыл шаруашылығын және химия өнер­кәсібін дамыту бағдарла­мала­ры­мен тығыз байланыста үйлес­тірілуі тиіс, сондай-ақ заңдармен, ор­нық­ты қағи­да­лармен және қаржымен қам­та­ма­сыз етілуі қажет. Бұл стратегия­лық құ­жат келесі шараларды қарастыру керек.

1. Шикізат базасын дамыту

Бастапқы даму үшін шетелдік шикі­затты сатып алмай, өндіріске тех­ноло­гиялық қайта өңдеуден өткен өзіміз­дің өнімдерді пайдалану үшін мақта, тазаланған және өңделген жүн мен иленген дайын теріні өндіруді ұйымдастыру қажет. Былғары өндірісіне ерекше назар аудару керек.

Бұл үшін мемлекет жеңіл өнер­кәсіптің өңдеуші қуаттарын іске қосу мақсатында тері мен жүнді фермерлерден кәсіпорындарға дейін жеткізу үшін жинау, сатып алу жүйесін субсидиялауға немесе ұзақ мерзімді жеңілдетілген кре­дит­термен қамтамасыз етуге тиіс. Кәсіп­орындардың отандық шикізатты алуы өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне алып келеді. Өз кезегінде бұл мал шаруа­­шы­лығының өсуіне ықпал жасайды (жеке субсидиялар болуы тиіс, әсіресе меринос қойын өсіру үшін).

Мемлекеттік тапсырыс алуға мүм­кін­дігі бар кәсіпорындардың бірігуін, кластерлердің, консорциумдардың құры­луын ынталандыру керек. Тиімді салааралық байланыстар орнатып, жергілікті банктер мен қаржы құры­лымдарын тарта отырып, өңірлік сау­да палаталарын құру қажет. Өндіріс пен сән әлемін шоғырландыруға, тауарлы тұжы­рым­дамаға өтуге тұтыну­шылардың жеке сұранысына қарай бағдарлануға қажетті жағдай тудыру керек. Логистикалық шығындарды төмен­дету бойынша шаралар қабылдау қажет.

Бірлескен кәсіпорындардың пайда болуы үшін қолайлы жағдай жасау керек.

Ұлттық брендтердің елімізде және шетелдерде таралуына қолдау көрсет­кен жөн.

2. Кадр даярлау

Жаңа жұмыс орындарын құруды субсидиялау. Кәсіби біліктілік дең­ге­йін арттыруға, мақсатты қайта оқытуға көмектесу қажет. «Болашақ» бағ­дар­ламасы жеңіл өнеркәсіп мамандарын даярлау үшін квота қарастыру керек. Мемлекеттік гранттар есебінен оқы­ған және аграрлық сектор мен жеңіл өнеркәсіп мамандықтарын алған инсти­тут пен колледж түлектері үшін үш жыл бойы жұмыспен өтеу жүйесін нор­ма­тивті түрде бекіту қажет.

Сала қазіргі заманғы кәсіби стан­дарттарға, жаңа оқу әдебиеттеріне және оқыту әдістемесіне мұқтаж болып отыр. Ғылыми-зерттеу институттары­ның, ЖОО-ның, колледждердің, кәсіп­орындардың кооперациялануын ын­таландыру, оларды заманауи материалдық-техникалық қамтамасыз ету керек. Оқу орындарының жанында практикалық дағдыларды тиімді оқыту үшін өз кәсіп­орындары болуы тиіс.

3. Маркетинг және ғылыми зерттеулер

Тауарларды ілгерілету мен сату үшін жүйелі маркетингтік және ғылыми зерттеулерді қолдау, маркетингтік құрал­дарды ендіру қажет. Ақпараттық техно­логияны дамытуға және оларды өн­діріске енгізуге бағытталған ғылыми-зерттемелерге инвестиция салып, кә­сіпорындардың инновациялық қызметін көтермелеу керек. Қалдықтарды тазалап, оларды кәдеге жаратудың жаңа технология­ларын ендіруді субсидиялау, энергия үнемдейтін технология құру, қалыпқа келтірілетін энергия көздерін пайдалану қажет.

4. Сапаны бақылау

Ішкі нарыққа сапасы тө­мен, декла­рацияланбаған, сертифи­кат­тал­маған, тауарлардың төмен бағамен келіп түсуі де импорттың үлес салмағының жо­ға­ры болуына әкеліп отыр. Тауардың бір түрінің орнына басқасын әкелуі мүмкін.

Тауар сапасын бақылау функцияларын күшейту, санитарлық-гигиеналық нормативтерге, техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкес келмейтін өнімді сатқаны үшін жауапкершілікті қатаңдату қажет.

Импортталатын тауарды міндетті түрде таңбалау, тауарларды шығарғанға дейін де, одан кейін де лабораториялық зерттеулер жүргізу үшін өнімді іріктеуді жүзеге асыру керек (кедендік бақылау аумақтарында), техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін тауарларды алып, жою қажет.

Жеңіл өнеркәсіп өнімінің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, импортталатын, заңсыз және адам денсаулығы үшін қауіпті өнімді шектеу мақсатында толық сынай отырып, өнімнің сәйкестігін анықтау үшін аккредиттелген сынақ зертханаларын көбейту керек.

Отандық өнімнің сапасын жақ­сар­ту мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл үшін қысқа мерзім­де халықаралық сапа стандарт­тарын қабылдап, ережелердің сақта­луына қатаң бақылау орнату қажет. Сала­дағы мемлекеттік саясат біздің кәсіп­орындарға қазіргі заманғы сапа стан­дарттарына қиналмай көшуіне көмек­тесуге бағытталған болуы керек. Бұл өз кезе­гінде біздің өнімдеріміздің сыртқы нарыққа шығуын айтарлықтай жеңілде­теді. Кәсіпорын тарапынан түскен шағым­­дар сапа сертификатын беру функ­­ция­сын мемлекетке қайтару қажет­тігін көрсетеді. Техникалық реттеу мен тех­ни­калық регламент мәселелері мем­ле­кеттің ерекше назарында болуы тиіс.

Ұлттық аккредиттелген зертханалар желісін құруды қолдау қажет. Зерт­ха­на­лар кеден бекеттерінде де болуы керек.

5. Мемлекеттік қолдау. Мем­ле­кеттік тапсырыс

Салықтық, қаржы-несиелік, кедендік саясатты жетілдіру қажет. Экспортты тиімді қолдап, жаңа өткізу нарықтарын игеру керек.

Үй жағдайында жұмыс істейтіндер мен қолөнершілерге қолдау көрсету үшін жеңілдетілген кредиттер мен салық арқылы кәсіпорындарды жаң­ғыртуды, кластерлер құруды қолдау керек. Инновациялық кәсіпорындардың құ­рылуы мен жаңа технологияларды сатып алу көтермеленуі тиіс. Әкім­шілен­діру рәсім­дері жеңілдетіліп, жаңа техно­логия­лар мен тауарларды өнді­ріске ендіру мерзімі қысқартылуы қажет. Ин­вес­ти­цияларды қорғау саясатын әзірлеу керек.

Шикізат жеткізушілерге қатысты ақша саясаты өңдеу кәсіпорындарын қамтамасыз етуге, кәсіпорындарды отан­дық шикізатпен жұмыс жасауға ынта­лан­дыруға, бұйымдардың сапасына талаптарды күшейтуге бағытталуы тиіс.

Кәсіпорындар ұзақмерзімді мемле­кеттік тапсырыс пен тұрақты жұмыс ережелеріне мұқтаж. Конкурс кезінде төменгі баға мен басқа да өлшемшарттар қағидаларын жою керек. Барлық әлеуетті құрылымдарды шоғырландырған мем­лекеттік тапсырыс жүйесіне көшіріп, бұл үшін бірыңғай уәкілетті органды белгілеу керек. ИИДМ басқа да орталық және жергілікті ведомстволардың тапсырысты орналастыру қағидаларын ба­қылауы тиіс. Мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізген кәсіпорындардың инвес­тициялық міндеттемелеріне қойылатын талаптарды жетілдіру қажет.

Сонымен қатар тапсырыс орналас­тыру мен конкурс өткізудің күнтіз­белік мерзімдері де қайта қарауды талап етеді. Мемлекеттік органдарға өнімдерге қо­йылатын талаптар мен ережелерді қайта қараудың бітпейтін тәжірибесіне тыйым салған жөн. Ережелер мен салық-несие саясатының тұрақтылығы экономиканың барлық салаларының өсуінің негізгі факторы болып табылады.

МИИДБ аясында салынған кәсіп­орындардың тұрып қалуы мен бан­кроттығын анықтап, талдау үшін Мем­лекеттік комиссия құру қажет. Дәл жа­салған диагностика келешекте қате­лік­терді болдырмауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 600 мыңға жуық азамат бар. Мемлекет оларға жабдықтар мен ортопедиялық аяқ киім сатып алу үшін қыруар қаржы жұмсайды. Тәуелсіздік жылдарында осы құралдарды сатып алуға жұмсалған қаржы бұл салада тұтастай индустрия құруға жетер еді. Бұл салаға да назар аудару керек.

6. Өткізу және контрабандаға қарсы әрекет

Ішкі және сыртқы сауданы дамыту, нарықты қорғау, экспортты жан-жақты қолдау, контрабандаға қарсы жалған емес шынайы күрес үлкен маңызға ие.

Сату және өткізуді қолдаудың тиімді құралы – елімізде және шетелдерде бөлшек сауда алаңын жалға алуды субсидиялау. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, құбылмалы нарыққа толықтай сенуге болмайды. ЭЫДҰ-ның дамыған елдері ішкі нарықты қорғау және өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін реттеу тетіктерін жасауға және оған белсенді түрде араласуға мәжбүр. Бізге отандық тауарлардың үстеме бағасын реттеуді енгізу керек. Бүгінгі таңда ол 30% деңгейіне жеткен.

Контрабандамен күрес – мемлекеттік саясаттың салаға қолдау көрсету және ішкі нарықты қорғау жөніндегі маңызды міндеті.

Контрабанда мен контрафакт бірін­ші кезекте шағын және орта бизнес­ке жасалатын соққы болып табылады, оларды бәсекеге қабілетсіз етеді. Жасанды және сапасыз өнімнен тұтынушыларымыз зардап шегеді. Әсіресе контрабанда арқылы елімізге сапасыз, кей жағдайда балалардың денсаулығына өте зиянды тауарлардың келетіні алаңдатады.

Өз кезегінде, мемлекеттік қазынаға қомақты қаражат түспейді, ал саланы қолдау үшін бөлінетін субсидиялар іс жүзінде құнсызданып кетеді. Осылайша үш рет зиян шегеміз.

Бізге кедендік заңнамаға, нормативтер мен кеден­дік ресімдерге терең тал­дау жасау керек, шикізатқа, құрал-жаб­дыққа, фурнитураға, әрлеу материалдарына алынатын баж көлемі­не сараптама жүргізілуі тиіс. Қол­да­ныс­тағы реттеуші актілерден жемқор мемлекеттік қызмет­керлер мен контрабандашыларға пайда әкеліп жүрген олқылықтарды табу және түпкілікті жою қажет.

Кеденде тәртіп орнатпайынша, айқын, ашық кедендік ресімдер болмайынша ұлттық жеңіл өнеркәсібімізді өркендете алмаймыз. Бұған менің еш күмәнім жоқ.

7. Шағын және орта бизнесті дамыту тұрғысында мемлекеттік саясатты әсіресе өңдеу салаларында қайта ретке келтіру.

Бәсекелестікті белсенді түрде қол­дау, монополия мен әкімшілік кедер­­гі­лерді жою, қаржыға қолже­тім­ділік­ті жақсарту, фискалдық саясат, өзін өзі реттейтін ұйымдарға көмектесу – шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызды құралдары.

Жағдайға тұрақты мониторинг жасау, Үкімет пен салалық кәсіпкерлер бір­ле­с­тіктері арасындағы тұрақты өзара диалог проблемаларды уақтылы және тез анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік сатып алудың жыл­дық бюджетінің кемінде 30%-ы ша­ғын және орта кәсіпорындарға берілуі керек.

Мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге құқығы бар кәсіпорындар үшін нақты өлшемшарттар әзірленуі керек, мысалы:

кәсіпорынның құрылған мер­зімі (мысалы, кем дегенде 5 жыл), кәсіп­орынның да, оның құрылтай­шылары­ның да мінсіз іскерлік беделі, кадрлардың біліктілік деңгейі, заманауи технологияларды енгізу, цифр­ландыру, құрылтайшылар құрамына қойылатын талаптар.

Шағын және орта кәсіпорындар бірқатар әкімшілік алымдардан тұрақты немесе уақытша негізде босатылуы тиіс. Осындай алымдардың тізбесін толық зерделеу қажет. Соның ішінде жердің құжаттарын ресімдеу, сертификаттар алу және т.б. бар.

Біз жеңіл және химия өнеркәсіптерін дамыту бағдарламасымен тығыз бай­ланысты жаңа «Агроөнеркәсіптік кешен» бағдарламасын жасау жөніндегі бірлескен комиссия құруды Ұлттық экономика министрлігіне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынамыз.

Осы ойдың жалғасы ретінде сенаторлар Сенаттың жанынан құрылатын Агроөнеркәсіпті кешенді дамыту жө­нін­дегі кеңестің жеңіл және химия өнер­­кәсібіндегі функционалын бірден кеңейтіп, оны «Агроөнеркәсіптік кешен­ді, жеңіл және химия өнер­кәсібін дамыту жөніндегі кеңес» деп атауға шешім қабылдады.

Парламенттің жоғарғы палатасында өткізілген тыңдаулар біздің әлі жол басында екенімізді көрсетті. Қыс­қамерзімді перспективада отандық жеңіл өнеркәсіптің ішкі нарықтағы үлесінің нысаналы көрсеткішін 30%, тіпті 50 пайыз деңгейінде белгілеу туралы ұсыныстар да айтылды. Ең алдымен, мықты құқықтық іргетас қалау, сала­лық ішкі кооперацияны жолға қою, жоспарлауда аралас салалардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз ету, масылдықты туғызбайтын дұрыс мемлекеттік қолдауды айқындау керек деп ойлаймын.

Салаға бүгінде бірінші кезекте сындарлы мемлекеттік стратегия мен соған негізделген саясат қажет. Оған қоса, өз күшімізге деген сенім болу керек.

Сонда осы мақаланың тақырыбын­дағы «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін жандандыруға бола ма?» деген сұраққа, сөзсіз, иә деген айқын жауап беріледі.

Сонымен...

Коронавирус пандемиясының салдары әлемдік және отандық экономикаға да ауыр тиюі мүмкін. Бұл жақсы емес. Салалардағы үй­реншікті байланыстар бұ­зылды.

Экономиканың барлық секторында жұмылдыру резервтерінің болуы елдің қауіпсіздігі мен дағдарыс жағ­дайында өмір сүрудің өзекті мәселесіне айналды. Нарыққа бәрін бере салу­ға болмайды. Өнеркәсіптік саясатты түбегейлі қайта қарау қажет. Күтпеген жағдайларға жауап беру үшін жұмылдыру қуаты мен мемлекеттік резервті қалпына келтіру – өмірлік маңызы бар мәселелер.

Сонымен бірге аймақтар да өз ерек­ше­ліктеріне қарай шұғыл жағдайларға жауап қайтарудың арнайы тетіктерін қарастыруы тиіс.

Біздің экономикамыз икемді болмай шықты.

Соңғы уақытта пандемия мен мұ­най­ға байланысты энергия қорына сұ­раныстың төмендеуі Қазақстан экономикасы үшін бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тудырды. Енді барлық институттың беріктігі сыналады.

Бар ресурстарды мүмкіндігінше өңдеу өнеркәсібін дамытуға жұмсау керек деген пікір күмән тудыра қоймас. Бұл әлбетте жеңіл өнеркәсіпке қатысты. Бәрінен бұрын елдің азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ететін ауыл шаруа­шылығына қатысты.

Қиын кезең келді. Біз көп нәрседен бас тарта аламыз. Бірақ тамақ, киім, аяқ киім әрқашан жеткілікті болуы тиіс.

Агроөнеркәсіп кешені елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ететін және халықтың күнделікті тұтыну та­уарларына деген негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыратын экономика салалары үшін тәуелсіз шикізат көзі болуы тиіс.

Барлық даму бағдарламасына орын алуы мүмкін дағдарыстар­ға бай­ланысты түзетулер енгізуге тиіс­піз. Бұл – пандемия, климаттың өзгеруі, дұшпандық әрекеттер, шикізат немесе қаржы нарықтарындағы құрылым­дық құлдыраулар және еліміз үшін қаламайтын басқа да жағдайлар болуы мүмкін. Алайда біз барлығына дайын болуымыз керек.

Көріп отырғанымыздай, індет адам­дарға ғана емес, сонымен қатар әлемдік экономикаға да жұқпалы әсер етті. Ел басшылығының вирустың таралуын болдырмауға бағытталған іс-әрекеттері, халқымыздың табандылы­ғы мен сабырлылығы, шыдамдылығы мен даналығы таяу уақытта бұл індетті жеңуге көмектеседі деп сенемін. Осы қиын сәтте бір-бірімізге барынша қам­қорлық жасап, бірге болуымыз керек.

Шын жүректен Қазақстанның гүлденуі мен күш-қуатының артуын, ал халқымызға мықты денсаулық пен амандық, сәттілік пен игілік тілеймін.

 1

 

Дариға НАЗАРБАЕВА,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы