Экономика • 30 Наурыз, 2020

Төрт түлік көбейсе, тоқшылық келеді

437 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жалпы, салыстырмалы түрде алғанда соңғы жылдары Алматы облысында мал басының өсуі мен өнімі орта есеппен 4,5 пайызға артқан екен. Өңірде 102 асыл тұқымды мал бордақылау алаңы құрылған. Алыс-жақын шетелден 10 мың басқа жуық ірі қара әкелініпті.

Төрт түлік көбейсе, тоқшылық келеді

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Жүйелі жұмыстың нәтижесі тұтас агроөнеркәсіп кешенінің дамуына облыстың қосқан үлесін арттырып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 20 пайызға жетті. Биыл да қазан ауыз­ы жоғары болады деген сенім бар. Өйткені өңірдегі 1 млн-нан астам ірі қара малы мен 4 млн-нан астам ұсақ мал басы бар. Мұнда агроөнеркәсіп ке­шенінің келешегін анықтайтын салмақ жатыр. Бұл істе негізгі күш ауылдарға түсетіні анық. Ал аудандарда бұған толық негіз бар. Оған мысалды Алакөл ауданы мен Кеген ауданынан алып отырмыз.

Былтыр «Zhersu» инвес­ти­ция­лық-өндірістік корпорация­сы Алматы облысының Алакөл ауда­нының аумағынан асыл тұқымды жылқы фермасын ашқан болатын. Өңірдегі қылқұйрықтың санын арттырып, тұқымын жан­дан­дыруға орай басталған іс нәти­же­лі жүріп жатыр. Қазір қыстан шыққан 10 мың бас жылқы жайылымда жүр.

«Алакөл Асыл жылқысы» серік­­тес­тігінің жұмысы заманға сай технология жетістіктерімен жабдықталған. Әуелі фермадағы тұрғындарға қолайлы жағдай жа­салған. 56 адам жұмыс істейді екен. Тұрғын үй, жатақхана бар. Мұнда монша, дүкен, асхана сияқ­ты қажетті нысандардан бөлек мәдени көпшілік демалыс шарасын өткізуге болады. Яғни құрылтайшылар жылқышылар үшін кинотеатр мен кітапхана ашып беріпті.

Фермада мал бағудың да жаңаша тәсілі жүзеге асып отыр. Ендігі жыл­қы­ны бұрынғыдай құ­рыққа сүйеніп, ізі­нен аңдып ба­ғатын кезең келмеске кетіпті. Қазір Қамбар ата баласының жүріс-тұрысын, жайылымдағы жүрісін монитордан бақылап отыруға мүм­кіндік бар. Мұндағы асыл тұ­қымды әр басқа GPS байланған. Яғни жылқыны құ­рық ұстаған жылқышы емес, жұдырықтай құрылғы бағады.

– Ферма өткен жылдың қара­ша айында іске қосылды. Бұл жобаны жылқы тұқымын асылдандыру мақсатында қолға алып, 1 млрд теңгеге жуық инвестиция салдық. Қазір мақсатымыздың бірінші кезеңін аяқтадық деуге болады. Әзірге асыл тұқымды жылқы санын 10 мың басқа жет­кіздік. Биыл бұйырса, тағы 10 мың жылқы әкелсек деген жос­пар бар. Қылқұйрықты жануарды Маң­ғыстау, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарынан сатып алдық. Ресейден әкелінгені де бар. Жылқыға қосымша түйе шаруашылығын дамытуды қолға алудамыз, – дейді «Zhersu» инвестициялық-өндірістік корпорациясы бақылау кеңесінің төрағасы Бауыржан Оспанов.

Бұл «Zhersu» корпора­ция­сының Алакөл ауданындағы жалғыз мал фермасы емес. Біраз жыл бұрын іске қосылған «Қайыңды» мал бордақылау алаңы мен ет өңдеу зауыты қа­зір нарықтағы өз орнын тап­қан кәсіпорын санатына кіреді. 5 мың басқа арналған бор­да­қылау алаңы бар. Жемге қо­йылған сиырдың дені асыл тұ­қымды екен. Әу баста герефорд және ангус тұқымды 4500 бас сиыр әкелініпті. Ал зауыттың мал сою цехында күніне 60 басқа дейін мал сойылады. Ал «Қайыңдының» шұжық цехында жасалған өнім қазір Қазақстан нарығын жаулап алған. Цех тәулігіне 6 тоннаға дейін дайы­н өнім шығарады. Нарыққа 18 түрлі шұжық жөнелтіп отыр.

Өрісі малға толы өңірдің бірі – Кеген ауданы. Осыдан екі жыл бұрын Райымбек ауданына енші беріп, өз алдына жеке дара қалған Кегенде келелі іс жалғасып жатыр екен. Бізді төрт түлік тұя­ғының көбейгені қуантты. Мәселен, былтыр аудандағы ірі қара малы 50 894 басқа, жылқы саны 28 468 басқа және қой мен ешкі үлесі 199 869 басқа жетті.

Мал басы өскен жерде одан алынатын өнім көлемі де көбейетіні түсінікті. Әсіресе нарыққа табиғи сапасы жоғары ет өнімін шығару сұранысқа сай екен. Дерекке көз салсақ, былтыр кегендік шаруалар салмағы 15 800 тонна болатын малды саудалапты. Жиналған сүттің көлемі 25 010 тоннаға жеткен. Ке­ген дала­сындағы төрт түліктің еті ішкі на­рық­тан асып, шетелге шыға бастаған. Өңір­дегі «M.P.S.» жауапкершілігі шек­теу­лі серіктестігі Иранға 80 тонна және Қытайға 280 тонна ірі қара етін экспорттапты. Сөйтіп экспорт жоспары 180 пайызға орындалған.

 Қазір малдың басын көбейте берудің маңызы аз. Неғұрлым асыл тұқымды ет пен сүтті молынан беретін мал басын көбейткен абзал. Шаруалар да мұны жақсы түсінеді. Аудандағы «Казмясо» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігі былтыр Аустралия мемле­ке­тінен 1,4 млрд теңгеге 1 500 бас асыл тұқымды «Абердин Ангус» сиырын сатып әкелді.

– Мал басын көбейтіп, тұ­қы­мын асылдандыру ісін жал­ғастыра береміз. Бұл бізге аудан­дағы ет, сүт өндірісін өркендетуге жол ашады. Биыл «Талас» ауыл шаруашылығы кооперативі 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын ашады. Осы мақсатта Чехиядан 60 бас етті-сүтті бағыт­тағы «Сименталь» асыл тұқымды ірі қара сатып алды. Оған 51 млн теңге жұмсады. Жақында Жылысай ауылдық округінде 1500 бас қойға арналған мал бор­дақылау алаңы өз жұмысын бас­тады. Мал басын көбейту де бас­ты назарда. Шаруа қожалықтары «Сыбаға», «Игілік» бағдарламасы аясында жалпы құны 83 млн 230 мың теңге болатын 4 161 бас қой сатып алды және 33 млн тең­­геге 167 бас ірі қара, 34 млн тең­геге 115 бас жылқы әкеліп, өріс­­терін кеңейтіп отыр, – дейді Ке­ген ауданының әкімі Талғат Байеділов.

Тоқ етерін айтқанда, Алма­ты облысы – ауыл шаруашы­лығына арқа сүйеген аймақ. Тұр­ғындардың 80 пайызы ауылдық өңірді мекен етеді. Яғни ел-жұрт несібесін төрт түлік мал мен шұрайлы жерден теріп отыр. Содан болар об­лыстың аграрлық саладағы табысы жыл сайын өсіп келеді. Мы­салы, былтыр ай­мақтағы ауыл шаруашылығы өнімінің ақшалай көлемі 852 млрд теңгеге жетіп, нәтижесі 3,4 пайызға кө­бей­ді.

 

Алматы облысы