28 Тамыз, 2013

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі

273 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан, жаппай қырып-жою қаруын қысқарту мен таратпау ісіне шешуші үлес қосқан мемлекет ретінде, Сирияда химиялық қару қолданды деген күдікті хабарламаға байланысты өзінің терең алаңдаушылығын білдіреді. Осы ақпарат расталған жағдайда, бұл адамзатқа қарсы жасалған қылмыс ретінде қаралуы тиіс.

Біз Сирия Үкіметін сол елде химиялық қаруды қолданғаны туралы хабарламаны тексеру үшін жұмыс жасап жатқан БҰҰ сарапшылар тобына толығымен қолдау көрсетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырамыз. Кінәлі тұлғаларды анықтап, осындай жағдай болашақта қайталанбау мақсатында және адам қазасына жол бермеу үшін барынша шара қабылдау қажет деп санаймыз.

Қазақстан халықаралық қауымдастықты төзімділікке, ал бұл жағдайды бағалау барысында БҰҰ сарапшыларының соңғы қорытындысын басшылыққа алуға шақырады.

Бүтіндей алғанда, Сириядағы созылмалы және қантөгісті қақтығыстың шектен тыс кейіпке енгенін және тез арада шешуді талап ететінін атап өтеміз. Орын алған жағдай халықаралық қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру және Сириядағы күш көрсетулерді тоқтату мақсатында теңдестірілген көзқарастың қа­жет­тігін алға тартады.