Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Түркістан: Кәсіпкерлердің көмегі көп

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Коронавирус індетіне қарсы күресті күшейту, көмекке мұқтаж тұрғындарды қолдау мақсатында қолға алынған «Біз біргеміз» акциясына жанашыр азаматтар атсалысуда.

Түркістан: Кәсіпкерлердің көмегі көп

Мысалы, соңғы күндері «Nur Otan» партиясының мүшелері, Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Мағауия Тұрысбеков («Жаңа арна құрылыс» ЖШС) пен Жаңабай Ағабеков («Евро ремонт сервис») 1 млн. теңгеден көмектессе, депутат Алмас Салимов те («Алжа-құрылыс» ЖШС) 1 млн. теңгені ел игілігіне бөлді. Жеке кәсіпкер Талғат Қаржауов 1,2 млн. теңгеге демеушілік танытты. 

Ал «Ордабасы құс» ЖШС-ы директоры, бастауыш партия ұйымының төрағасы Мұрат Тағаев 2800 келі күркетауық еті өнімін қолдауға мұқтаж тұрғындарға таратпақ. «Мемлекет тарапынан қауіпті індетті таратпау, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Дегенмен мұндай кезеңде әрбір азамат қолдан келгенше елге көмектесуі керек деп есептеймін. Біз бұл қиындықты бірлік пен тәртіп арқылы жеңеміз», дейді Мұрат Тағаев. Іскер азамат күркетауық етінен әзірленген шұжық және өзге де өнімдерді партиялық жобалар аясында әлеуметтік аз қамтылған тұрғындарға тарату үшін «Біз біргеміз!» акциясының үйлестірушілеріне ұсынды. Жалпы өнімнің құны 2 млн теңге болады. Партия өкілдері мен еріктілер, «жасотандықтар» ет өнімдерін аудан, қалаларда тізімдегі отбасыларға апарып бермек.

Айта кетелік, Ордабасы ауданы, Бадам ауылында орналасқан «Ордабасы құс» ЖШС бүгінде еліміздің бірнеше өңірін күркетауық етімен қамтып отыр. Өнім көлемі де ұлғайып келеді. Қайырымдылық акцияларына үлес қосып, демеушілігімен танылған Мұрат Тағаевқа жұртшылықтың алғысы мол.