Аймақтар • 30 Наурыз, 2020

Әр пәтерден бір адам ғана сыртқа шығады

110 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирусқа шалдыққан екі адам тұратын үйлер карантинге алынып, ондағы пәтер тұрғындарының өз үйіне кіріп-шығуы шектелді. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаевтың айтуынша, әр пәтерден бір адам ғана дүкенге немесе дәріханаға бару үшін шыға алады.

Әр пәтерден бір адам ғана сыртқа шығады

Батыс Қазақстан облысында кеше коронавирусқа шалдыққан екі тұрғын анықталған болатын. Оның бірі 24 наурызда Саратовтан келген ақсайлық әйел шекарадан тексеріліп, арнайы сауалнама толтырып өтіп, үй жағдайында оқшауда болған. Тек 2-3 күн өткен соң ғана одан сырқат белгілері көріне бастаған. Ал Атырау қаласынан келген оралдық әйел бойындағы өзгерістерді өзі байқап, провизарлық госпиталға өз көлігімен барған.

- Қазір екі науқас та Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Екеуінің де жағдайы қанағаттанарлық. Емдеу жүргізілуде, - деді Нұрлыбек Мұстаев.

Екі науқаспен жақын қарым-қатынаста болған 10 тұлға провизорлық стационарға жатқызылған. Олар қазір дәрігерлердің бақылауында. Ал науқастармен жолығысқан, әртүрлі қатынаста болған 43 адам үй карантинінде оқшауланған. Сондай-ақ екі науқас тұратын көпқабатты тұрғынүйлердің подъездеріне де карантин жарияланған. Яғни, екі науқас тұрған үй тұрғындары өз пәтерінде оқшауланады. Әр пәтерден бір адам ғана бетпердемен шығып, дүкеннен, дәріханадан қажетті заттарын ала алады. Немесе қажетті заттарды тапсырыс беріп, үйге алдыртады. Бәрі бақылауда.

Айта кетейік, коронавирус табылған бір әйелдің егде ата-анасы бар екен. Олар қазір провизорлық госпиталда жатыр. «Саратовтан келген науқастың қарым-қатынаста болған адамдары бойынша ресейлік әріптестермен де байланыстамыз» деді Нұрлыбек Мұстаев.

«Батыс Қазақстан облысында коронавируспен күрес үшін барлық медикамент, құрал-жабдық жеткілікті. Әзірге комендант сағаты енгізілмейді. Барлық шешім күн сайын жедел штабтың ұйғарымымен қабылданады» деді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары.

Соңғы мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында коронавирус күдігі және науқаспен қарым-қатынаста болғаны үшін 92 адам ауруханаларға жатқызылған. Соның ішінде 2 адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында, 45 адам «Кумыска» санаторийіндегі провизорлық госпиталда, 9 адам Бәйтерек ауданындағы провизорлық госпиталда, 36 адам «Ивушка» санаторийінде карантиндік стационарда жатыр. Олардан бөлек 114 адам үй карантинінде оқшауланған.

Батыс Қазақстан